Атырауда алимент төлемеген борышкерлерді іздестіру жұмыстары күшейтілді

Өңірдегі алимент төлемегендердің қарызы 4,8 млрд теңгеден асқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда 132 борышкер іздестіріліп жатыр. Жалпы өңірдегі алимент төлемегендердің қарызы 4,8 млрд теңгеден асқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соңғы 9 айда алимент бойынша 177 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 69-ына айыппұл салынып, 87-сі әкімшілік қамаққа алынған және тағы 21 адам қоғамдық жұмысқа тартылыпты.

Сонымен қатар 6 айдан астам алимент төлеуден қасақана жалтарып жүргендерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі де көтерілді. Полицияға 36 ұсыныс жолданып, 21 жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 4 борышкердің әрекеті сотта қаралып, бір адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

«Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіледі. Есепті кезеңде 5 жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 81 борышкер жұмысқа орналастырылды. Басты мақсатымыз – балалардың лайықты өмір сүруіне және материалдық жағдайының жақсы болуына мүмкіндік жасау. Алдағы уақытта құқық қорғау органдарымен өзара ынтымақтастықты күшейту, берешекті өндіріп алу жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылауды күшейту жоспарланып отыр»,– деді Атырау облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Меруерт Мұзатова.

Оқи отырыңыз: Түркістан өңірінде ауқымды интернет жобасы іске қосылды