Ауру асқынса, тыныс алу жүйесіне зақым келуі мүмкін.
Атырауда балалар арасында қызылша өршіп тұр. Соңғы бір айда қалада 60-тан аса жасөспірім кесел жұқтырған. Ал дәрігерлер уақытында екпе алмау салдарынан ауру үдеп бара жатқанын айтып, дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Инфекциялық ауруханада ем қабылдап жатқандардың басым бөлігі 1 мен 5 жас аралығындағы жеткіншектер. Вирусқа тосқауыл – тек екпе. Алайда көпшілік пікірі екіге бөлінді.
«Балалар кішкентай болғанда екпе алдық. Жастар өздері біледі, бірақ екпе салдырған дұрыс қой», – деді тұрғын.
Ауа немесе тыныс алу жолдары арқылы жұғатын қызылша індеті өршісе қауіпті. Ал екпе алмаған жағдайда қауіп тіпті жоғарылайды. Сондықтан мамандар мұндай жағдайға алаңдаулы.
«Қызылшаға қарсы екпені уақытында алмаған науқастардың арасында бір-біріне жұғып жатыр. Вирустық инфекция ауа тамшылары арқылы таралады. Асқыну жолдары өте көп. Жас аралықтары әртүрлі, науқастардың арасында айлық сәбилер де, 1-5 жас аралығындағы баладар да, жасөспірімдер де бар», – деді Атырау облыстық Жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Жантөре Орысбаева.
Ауруханада орын тапшылығы жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, қызылша тез жұғады. Бір науқастың өзі айналадағы адамдардың 90 пайызына таратады. Ал бұл ауру асқынса, тыныс алу жүйесіне зақым келуі мүмкін. Аса күрделі жағдайларда науқас есту, көру қабілетінен айырылуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Жоғалған отбасы: Атырауда күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевтің балалары мемлекеттік қорғауға алынды