Жауаптылар бұл шешім балалардың қауіпсіздігі үшін қабылданғанын айтты
Атырау облысында ерлі-зайыптыны өлтірді деп күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевтің балалары мемлекеттік қорғауға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Халықаралық іздеуде жүрген күдіктінің үш баласы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал 3 және 1 жастағы екі сәбиі балалар үйіне орналастырылған. Жауаптылар бұл шешім балалардың қауіпсіздігі үшін қабылданғанын айтты. Бұған дейін ұл-қыздар ата-әжелерінің қарауында болған. Қазір психологтар жеткіншектермен жұмыс істеп жатыр. Мамандардың айтуынша, жағдайы жақсы.
Естеріңізге салсақ, Жангелдин ауылында бүтін бір отбасы жоғалып, кейіннен екі адамның мәйіті табылған. Ал жоғалған отбасының қалған мүшелерінен әзірге хабар жоқ. Күдікті деп танылған күйеу бала да әлі қолға түспеді.
«Мәселе Атырау облыстық Полиция департаментінен келіп түскен ұсыныс-хат негізінде қаралды. Қазіргі жағдайда балалардың жағдайы бақылауда. Сонымен қатар балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті органдар тиісті жұмыстар жүргізуде», – деді Махамбет аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева.
«Махамбет ауданынан сағат 15:20 шамасында 9, 7 және 4 жастағы 3 жасөспірім орналасты. Психолог жұмыс жасады. Сурет салып, тест алып, жаңа жұмыстар жүргізілді. Балалардың көңіл күйі де жақсы», – деді кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшысы Құндыз Ғиниятова.
Оқи отырыңыз: Алматыда шаруашылық қосалқы нысан сүрілді