Үш айдан бері соқыр тиын алмаған жұмысшылар ақыры бас кеңсенің алдына жиналды
Атыраудағы ірі сауда орнының қызметкерлері үш айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Елуге жуық адам компания алдына күн сайын жиналып, наразылық білдіруде. Бірақ одан нәтиже жоқ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Үш айдан бері соқыр тиын алмаған жұмысшылар ақыры бас кеңсенің алдына жиналды. Әмбебап дүкеннің қойма сақтаушысы, есепшісі, аспаз бен тауар тасымалдаушысы болып жұмыс істейтін 400-ге жуық жұмысша маңдай термен тапқан еңбекақысын «басшылық бермей отыр» деп наразы. Жалақысын ала алмаған олардың несиесі төленбей, есеп-шоттары бұғатталып жатыр.
«Қазіргі таңда сәуірден бастап еңбекақы төленбеді. Нәпақа тауып отырған үйіндегі асыраушылар жұмыссыз қалды. Нисие төлей алмай отыр. Басшылар үнсіз, келесі ай қысқартамыз деп ескертті», – деді қойма сақтаушысы Елдос Иманов.
«Он жылдан аса уақыт осында жүмыс істеймін. Жалақы төленбейтін болды. Прокуруатруаға арых жаздық, еш нәтиже жоқ. Жұмысшыларға әлеуметтік төлемдер не зейнетақы қорына, МӘМС-ке аударылмайды.Жолдасымның жалақысына күн көріп отырмыз», – деді аспаз Айсина Бақытлы.
Жұмысшылардан бөлек, супермаркет желісіне сусындар мен тәтті жеткізетін қосалқы компания өкілдері де ақшаларын қайтара алмай жыларман күйге түскен. Шығын шырмауында қалдық деген тасымалдаушылар прокуратураға арыз жазғанын айтты.
«2025 жылдан бастап жалақы ай сайын төленетін болды. Бірақ 6 ай болды, қарыз 6 млн теңгеге жетті. Телефонға жауап бермейді. Бізден басқа фирма көп. Тауарды алып кетейік десек, ол да жоқ. Сусындарды тасыймыз», – деді тасымалдаушы компания өкілі Арнольд Курбанов.
Ал компания басшысы қаржылық қиындыққа тап болғанын жасырмайды. Алайда барлығы заң аясында шешіліп, жұмысшылардың жалақысы толығымен өтеледі деп отыр.
.«Жалақы бойынша қарызымыз барын білеміз. Қазір компания заң тұрғысынан барлық мәселені жан-жақты қарап шешуге кіріскен. Қаржылық қиындық бар, инвестор іздеп табуға тырысып жатырмыз. Қазір қызметкерлердің жалақысын беру жағы қарастырылып жатыр. Барлығы заң аясында шешіледі. Әзірге қанша уақыт аларын білмеймін. Қазір барлық дүкендеріміз жабық тұр. Қаржылық мәселе шешіліп жатыр», – деді ЖШС бас директоры Роман Китаев.
Осылайша уәдені үйіп-төккен компания басшысы жұмысшыларға сабыр сақтап, тағы да уақыт беруін сұрайды. Ал бос уәдеге сенуден қалған көпшілік мәселенің тездетіп шешілуін талап етіп отыр.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан
Оқи отырыңыз: Биыл елде газ тұтыну көлемі 22,3 млрд текше метрге жетеді - Энергетика министрлігі