Тізімде ұн, ет және ет өнімдері, жұмыртқа, көкөніс, қант, сусын мен сүт өнімдері бар
Қазақстан шетелден келетін азық-түліктің 39 түріне қатысты жаңа шектеулер енгізбек. Тізімде ұн, ет және ет өнімдері, жұмыртқа, көкөніс, қант, сусын мен сүт өнімдері бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Енді дүкен сөрелерінде самсап түрған шетелдің азық-түліктері азаюы мүмкін. Олардың орнына отандық өнімдер көптеп қойыла бастайды. Өйткені Үкімет шетелден келетін азық-түліктің 39 түріне шектеу енгізуді жоспарлап отыр. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі «шекараның арғы жағынан жеткізілетін өнімдерге толық тыйым салынбайды» дейді. Жаңа тәртіп тек мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатысты болады.
«Бұл тізім Қазақстандық тауар өндірушілер мен импорттық тауарлар қатар келетін болса, отандық тауар өндірушілерімізге басымдық беріледі. Отандық тауарлар қатысып отырған мемлекеттік сатылымдарға импорттық тауарлар қатыса алмайды», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департаменті басқармасының басшысы Бақтыбек Ерғабыл.
Мемлекет өзіміздің өндірушілерге осылай қолдау көрсетуге көшіпті. Дегенмен отандық компаниялар конкурсқа қатыспаса немесе тендер нәтижесіз аяқталса, мемлекеттік ұйымдар шетелдік өнімдерді сатып ала алады. Үкіметтің бұл бастамасын сала сарапшылары қолдап отыр. Олар тек дайын өнімдерге ғана емес, қазақстандық шикізатты пайдаланатын өндірушілерге де басымдық берілуі керек деп санайды.
«Отандық өндірістің дамуына серпін береміз. Көрші елдердің тәжірибесіне қарасақ, оларда отандық өндірушіні қолдау жүйесі тиімді құрылған. Тіпті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден келетін тауарлардың өзі дүкен сөрелеріне көбіне жергілікті өнімнің баламасы болмаған жағдайда ғана шығарылады. Бұл – дұрыс тәжірибе. Өйткені әр мемлекет ең алдымен өз өндірушісін қолдауы керек», – деді сарапшы Кирилл Павлов.
Шектеу енгізілетін азық-түлік түрлерінің қатарына ұн, ет және ет өнімдері, жұмыртқа, көкөніс, сүт өнімдері, қант пен сусындар кіреді. Алайда бұл өзгеріс әзірге күшіне енген жоқ. Өйткені шетелден келетін өнімдерді сатып алуды шектеуді көздейтін қаулы жобасы қазір қоғамдық талқылауға шығарылған.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Қазақстан жолдарында 250 жол бойындағы сервис станциясы салынады