Атырауда қатарласы денесіне ауыр жарақат салған оқушының халі белгілі болды

16.03.2026 21:44

Сұмдық оқиғадан кейін өзге ата-аналар балаларын сабаққа жіберуге қорқып қалған

Атырауда қатарласы денесіне ауыр жарақат салған жасөспірім қыздың хәлі белгілі болды. Бүгін жеткіншек жансақтау бөлімінен хирургиялық палатаға ауыстырылды. Дәрігерлердің сөзінше, 8-сынып оқушысының жағдайы қалыпты. Қазір мамандар оған психологиялық көмек көрсетуде, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сұмдық жағдайдан кейін оқушылар мен ата-аналар әлі ес жияр емес. Ұл-қыздарының қауіпсіздігіне алаңдаған аналар мектепте қауіпсіздік пен бақылауды күшейтудң талап етуде.

«Әрине қорқып қалдық. «Балаларыңызды шұғыл алып кетіңдер» деп хабарлама келді. Жан-жақтан неше түрлі жаңалықты естіп жатырмыз ғой. Тап біздің мектепте болады деп ойламайсың», - деді ата -ана Алма Кенжебаева.

Мойны мен қолы, кеуде тұсы қатты жараланған 8 сыныптың оқушысы бүгін жансақтау бөлімінен хирургиялық палатаға ауыстырылыпты. Қазір ол дәрігер бақылауында, өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.

«Бүгінгі күні пациенттің жағдайы тұрақты. Орташа ауыр деп бағалануда. Анасымен бірге жалпы палатаға шығарылды. Баланың денесінде түрлі жарақат бар. Әртүрлі ауырлық деңгейіндегі жарақат алған. Келген кезде кеуде клеткасының ауыр жарақатына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды. Өткір нәрсе екені белгілі, нақты қандай зат екенін айту қиын», - деді Атырау облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Ержан Есболов.

Ал мектеп басшылығы оқиға үзіліс кезінде болғанын айтады. Тоғызыншы сыныптың баласы қызды үшкір затпен жарақаттаған. Әзірге жасөспірімдер арасындағы дауға не себеп екені белгісіз. Тіпті екі жеткіншек бір-бірін танымайды екен. Ал күдікке ілінген 9 сынып оқушысының ақыл-есі дұрыс, ешқандай есепке алынбаған.

«Ұл бала академиялық білімі төмендеуіне байланысты  тізімінде болған. Басқалай психикалық ауытқуы жоқ. Қауіпсіздік мәселесі күшейтілді.  Нақты пышақ па, қайшы ма, ол жерде болған жоқпын. Білмеймін. Тергеу амалдарына байланысты айта алмаймыз. Кәмелетке жасқа толмаған оқушылардың сөмкесін тексеруге құқығымыз жоқ», - деді жекеменшік мектептің директоры Өнербек Ерғалиев .

Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Ал 9-сынып оқушысы ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Бала тәрбиесімен тиісінше айналыспаған ата-анасы жауапқа тартылмақ.

Оқи отырыңыз: Атыраулық тұрғын әйелін өлтірді деген күдікпен қамауға алынды