Әкімдіктегілер әлеуметтік нысанда барлық жағдай жасалады деп отыр
Атырауда мемлекет қазынасына қайтарылған заңсыз активтердің есебінен білім беру, денсаулық сақтау бағытындағы 3 нысан салынып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бүгінде Қызылқоға ауданына қарасты Жамансор ауылында 80 орындық мектеп пен 30 орындық интернаттың құрылысы басталған.
Еске салайық, бұған дейін өңірде әлеуметтік нысанның жетіспеуі салдарынан ұл-қыздар өзге ауылдарда білім алуға мәжбүр болған еді.
Аядай ғана Жамансор ауылында 100-ден аса түтін тұрады. Алайда мұнда медициналық нысан мен мектеп тапшы. Соның салдарынан бұқара ит өлген жерге сабылуға мәжбүр. Азапты балалар көріп отыр. Өйткені, олар күн сайын 80 шақырым қашықтағы Мақат, Мұқыр, Сағыз ауылдарына, тіпті кейбірі көршілес Ақтөбе облысына қатынап оқиды.
«Апта сайын барып, жатып оқып, апта сайын ауылға келеді. Сосын қайта кетеді. Қаржы жағынан да оңай тимей тұр. Себебі, бала көп болса, ақша да көп шығады», - дейді Жамансор ауылының тұрғыны Бағдабай Аманов.
Бірақ көп ұзамай түйткілдің түйіні шешілмек. Дәлірек айтсақ, қайтарылған заңсыз активтердің есебінен мұнда жаңа мектеп пен интернат, сондай-ақ емхана бой көтермек.
«Мектеп құрылысын оқу жылының екінші жарты жылдығында бітіруді көздеп отырмыз. Сол үшін тағы да 2 құрылыс бригадасын тартамыз. Құрылыс материалдарынан кідіріс жоқ», - деді мердігер мекеменің өкілі Сергей Алексеев.
Әкімдіктегілер әлеуметтік нысанда барлық жағдай жасалады деп отыр. Ал құрылыс жыл соңына дейін аяқталады-мыс.
«Жамансордағы мектептің құрылысының жалпы сметалық құны – 2 млрд 80 млн теңге. Бірлік ауылындағы жобалық құжаттамасы 3 млрд болған еді. Қазіргі таңда түзету жұмыстарына сәйкес бұл жұмыстар қайта есептелуде», - деді Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бисен.
Бұдан өзге, қайтарылған активтер қаражаты есебінен Құрманғазы ауданында аурухана жанынан МРТ құрылғысы қойылатын ғимарат бой көтермек. Атқарушы билік әлеуметтік нысандардың санын әлі де көбейтуді жоспарлап отыр.
Жұлдыз Қайратқызы, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Атырауда лифт шахтасына құлаған баланың жағдайы туралы айтылды