Жауаптылар өрттің шығуына адами фактор себеп болуы мүмкін дейді
Атырауда екі күннен бері қамыс өрті ырық берер емес. Қазірдің өзінде қаланы көк түтін басқан. Соның салдарынан жұрт ауруымыз асқынып, тіпті есік-терезе ашудан қалдық деп отыр. «Ақ Жайық» табиғи резерватынан шыққан өртті сөндіруге 10-нан аса техника мен 50 маман тартылған. Жауаптылар өрттің шығуына адами фактор себеп болуы мүмкін дейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Атырау халқы тағы да тұншықты. Өйткені, қаладан 40 шақырым жердегі «Ақ Жайық» табиғи резерватында қамыс өртеніп, шаһарды көз аштырмас түтін мен тұман басқан. Күйіктің иісі қолқаны қауып, басты айналдырды. Әр көктем мен күз сайын қайталанатын жағдайдың алдын алмағаны үшін тұрғындар жауаптыларға әбден ашулы.
«Қатты жел болды, үйге түтін кірді, есіктерді жауып алдық, кемпірім сырқаттанып қалды», «Неге екенін, иісі қолқаны қабады, сұмдық», «Түтінді сездік, үнемі осындай боп тұрады, аллергиям «құтырып» кетті», - дейді тұрғындар.
Қазір қызыл жалынмен 50 шақты қызметкер мен 20-дан астам техника арпалысып жатыр. Өрт әлі бықсып жанып тұрған көрінеді. Болжам бойынша апатқа адам факторы себеп болуы мүмкін. Ал аң-құстарға айтарлықтай қауіп жоқ.
«Анықтау жұмыстарын дөп басып айта алмаймыз, бізде факт болмаған соң, өртеген адамдарды ұстамаған соң, қазір ондайды анықтау қиын. Аңшылыққа шығады, балық аулау жұмыстарына шығады дәл сол уақытта үстінен түспеген соң, әлдене деп айту да қиын. Техника тапшылығы жоқ. Шамамен 5 гектар жерді өрт шарпыды», - деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бағдат Абдуллин.
Ал аймақтың бас экологы «Ешбір көрсеткіш шектік нормадан асқан жоқ, бәрі бақылауда» деп отыр. Ал жауапты басқармалар бар жұмысты кестеге сәйкес атқарады екен.
«Әр жұма сайын «Қазгидромет», Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және Экология департаменті бекітілген кестеге сәйкес ауаға тараған зиянды қалдықтарды қадағалап, тексеріс жүргізіп тұрады. Мәселен, кеше түтіннің қатты болғаны жасырын емес, бірақ нормадан асты деуге келмейді», - деді облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Есенов.
Тұрғындар дабыл қаққанмен қамыс өрті төтенше жағдай жариялауға себеп емес дейді мамандар. Ал дәрігерлер бұл жағымсыз иістің денсаулыққа зияны орасан екенін айтып, созылмалы аурулары бар науқастарға үйден шықпауға кеңес берді.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, Аlmaty TV арнасы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Әлі дайын емес: Ақтау билігі жылу қашан берілетінін айтты