Атырауда заңсыз ақша алған дәрігердің әрекеті әшкереленді

Күдіктіден елден кетпеу туралы қолхат алынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда дәрігердің заңсыз әрекеті әшкере болды. Хирург пациенттерден 8 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз алған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтық және заңсыз материалдық сыйақы алу фактілері бойынша күдікті дәрігерге қатысты тергеп-тексеруді аяқтады.

Осылайша, заңды белден басқан азамат бір медициналық қызмет үшін төлемді екі рет алған. Яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен тегін жүргізілетін ота үшін пациенттерден де ақша алып отырған.

Күдіктіден елден кетпеу туралы қолхат алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

«Күдікті 2023–2025 жылдар аралығында "Family Health Clinic" ЖШС мен "Ким В." ЖК клиникасында жұмыс істей отырып, пациенттерден варикоз ауруына жасалатын операциялардың МӘМС шеңберінде тегін жүргізілетіні туралы ақпаратты жасырған және көрсетілген қызметтер үшін төлемді өзінің банктік шоттарына қабылдап отырған.

Сонымен қатар "DamuMed" жүйесіне пациенттерге тегін медициналық көмек көрсетілгені туралы мәліметтер енгізіліп, соның негізінде медициналық ұйымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржыландыру алған», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Алматыда жыл соңына дейін үш жаңа кітапхана ашылады