Атырауда жасөспірімге тиіскен күдікті әлі іздестіріліп жатыр

07.08.2026 19:14

Аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Атырауда 12 жастағы жасөспірімге азғын әрекет жасамақ болған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Атпалдай жігіт қыз баланы зорлағысы келген көрінеді. Алайда арам ойы жүзеге аспай қалған. Қазір полиция күдіктіні іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі. 

      Бес күн бұрын болған сұмдық жағдайды 12 жастағы жасөспірімнің әкесі Азамат Кәмілов айтып берді. Сөзінше, қыз бала үйіне қайтып келе жатқанда белгісіз ер адам алдынан шығып, ұстап алған. Оның мектеп оқушысын күшпен алып кетпек болған сәті тұрғын үйлердің біріндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Жазбадан жігіттің жасөспірімді қараңғы көшеге сүйреп бара жатқаны анық көрінеді.

      «Қызымды сүйрейді. Сүйрегеннен кейін қызым «аға, тиіспеңізші, маған тиіспеңізші, өтінем» дейді. Ол «маған арақ алып бересің» дейді. Қызық арақ алып бетеінін айтады. Көшенің басына бара бергенде «ерніңнен сүйем» дейді. Қызымның айтуынығ қараторы жігіт. Ернінен сүйейін деп ұмтылғанда қызым шашын тарттады, қолын жібергенде, айналып қашып кеттім», – дейді қала тұрғыны Азамат Кәмілов.

Аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция күдіктіні іздестіріп жатыр.

«Еркінқала ауылында жасөспірімге белгісіз ер адамның тиісу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта күдіктінің жеке басын анықтау және оны ұстау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды», – деді Атырау облысы Полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің инспекторы Дина Мақсотова.

Жасөспірімнің әкесінің айтуынша, болған оқиғадан кейін қыз бала далаға шығудан қорқып қалған. Алаңдаған ата-ана күдіктінің ұсталып, қатаң жазаланғанын қалайды.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Атырауда балалар арасында қызылша, көк жөтел ауруы күрт көбейді

Толық көрсету