Атырауда жүк көліктерінің жүргізушілеріне миллиондаған айыппұл келген
Атыраулық жүк көліктерінің жүргізушілері күре жолдағы автоматты таразының жұмысына наразы. Тауар тасып, отбасын асырап жүрген азаматтарға артық салмақ үшін миллиондаған теңге айыппұл келген. Жүргізушілердің айтуынша, әр көлікке 10 миллионнан 55 миллион теңгеге дейін айыппұл салынған. Мұндай қомақты соманы төлеуге олардың шамасы жетпейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жүк көлігін тізгіндейтін азаматтардың бірі – Самат Жолымбаев. Оның айтуынша, небәрі екі аптаның ішінде артық салмақ үшін 4 миллион теңге айыппұл келген. Жүргізуші электронды таразы туралы ескерту белгілері мен артық салмақты көрсететін табло болмағанын айтады.
«Кеше айыппұл алғандардың бірімін. Бесікті жақтағы таразыдан бәріміз өттік. Таразы тұрған жердегі асфальт жарылған, одан кейін табло жоқ, ескерту белгісі де жоқ. Бізге ақылға қонымсыз айыппұлдар келіп жатыр. Жігіттерге 12–24 миллион теңгеден, тіпті 45 миллион теңге айыппұл келген. Біздің талабымыз – табло мен бейнебақылау болуы керек», – деді жүргізуші Самат Жолымбаев.
Шақшадай бастары шарадай болған жүргізушілер енді құзырлы органдардан артық салмақты растайтын дәлелдерді талап етіп отыр. Олардың айтуынша, бір айда 10 миллион теңге айыппұл төлеу мүмкін емес. Оның үстіне мұндай соманы белгіленген қысқа мерзім ішінде өтеу де қиын.
«Әрқайсымызға 10–12 миллионнан 55 миллион теңгеге дейін айыппұл келіп тұр. Айыппұлдарды 10–15 күн жинап, бірден жібереді. Оны төлеуге алты күн уақыт береді. Ең аз дегенде 12–13 миллион теңгені алты күнде төлеу жүргізуші үшін мүмкін емес. Бізге таразының нақты дәлелдерін көрсетсе екен дейміз. Бізге түнде түсірілген бейнежазбалар келіп жатыр», – деді жүргізуші Иса Құдайбергенов.
Ал көлік прокуратурасы бұл жағдайға құқықтық баға беріліп, жан-жақты тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.
«Кеше жүк көліктерінің жүргізушілерін қабылдап, олардың мұң-мұқтажын тыңдадық және арыздарын алдық. Қазір айтылған уәждердің барлығын тексереміз. Тиісті өкілетті органдардың жұмысына құқықтық баға береміз. Кейін заңда белгіленген мерзімде жауап береміз», – деді Атырау өңірлік көлік прокуроры Есболат Еділбаев.
Жүргізушілер прокуратура жүргізіп жатқан тексерістің нәтижесін күтіп отыр. Олар айыппұлдардың заңдылығы жан-жақты қаралып, әрбір заң бұзушылық нақты дәлелдермен расталған жағдайда ғана тиісті шешім қабылдануын талап етеді.
Жұлдыз Қайратқызы. Алматы телеарнасы. Атырау.