Атыраудағы резонансты іс: айыпталушы соңғы сөзін айтты

Дүйім елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасын қырып салған Сұлтан Сәрсемәлиевті прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал 29 жастағы айыпталушы соттағы соңғы сөзінде бұрынғы қайын жұртын «балаларым үшін өлтірдім» деп, көзіне жас алды. Ал бұған дейін аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Дүйім елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы қайын жұртын қатыгездікпен өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.

Бұдан бөлек, айыптау тарапы тағылған өзге де баптар бойынша жаза тағайындауды, сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы өндіруді және процестік шығын ретінде 2 миллион 512 мың 128 теңге өндіріп алуды сұрады.

«Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1, 3, 5, 10 және 13-тармақтарымен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, ҚК-нің 58-бабының 4-бөлігі негізінде қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша Сәрсемәлиев Сұлтан Самиғоллаұлына түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, ҚК-нің 46-бабы 5-бөлігінің 4-тармағына сәйкес өмір бойына сотталған адамдарға қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде жаза өтеуді белгілеуді сұраймын», – деді мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржанов.

Ал марқұмдардың туыстары судьядан бұрынғы күйеу баласына ең ауыр жаза тағайындауды сұрады. Қаралы отбасының жақындары бұл кешірілмейтін ауыр қайғы екенін айтты.

«Әділ жаза беруіңізді сұраймын. Бүкіл бауырымның шаңырағын жоқ қылып жіберді. Менің сұрайтыным – Сәрсемәлиевтің өмір бойы жер басып жүруіне қарсымын. Өмір бойына жаза беруіңізді сұраймын. Әділ жаза берілсін. Бір үйдің шаңырағын ортасына түсіріп отыр», – деді жәбірленуші Әдемі Мұқанғалиева.

29 жастағы айыпталушы соңғы сөзінде қылмысын толық мойындайтынын және бұл әрекетке отбасын сақтап қалу үшін барғанын айтып, көзіне жас алды.

«Барлық төрт қылмыстық бап бойынша кінәмді мойындаймын. Ешқандай таласым жоқ. Тағайындалатын жазаны да дауламаймын. Нақақтан-нақақ ешкімге қиянат жасаған жоқпын. Өздері осыған дейін жеткізді, намысыма тиді. Отбасымды тірідей айырғым келмей, осындай жанкештілікке бардым. Қателестім. Бұл – орны толмас өкініш. Қанша тырыссам да марқұмдарды өмірге қайтара алмаймын. Жазамды өтеуге дайынмын», – деді Сұлтан Сәрсемәлиев, сотталушы.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Жангелдин ауылындағы бір отбасы із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Кейін ерлі-зайыптының денесі өз үйінен табылды. Ал ұлы мен қызының мәйіті Атырау қаласында айыпталушы жалдап тұрған үйдің ауласынан қазып алынды.

Аталған қылмыстық іске қатысты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева күдікке ілінген болатын. Бүгін Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты сотқа дейінгі іс тоқтатылды.

Жұлдыз Қайратқызы, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда кенеттен жүрек тоқтау қаупі жоғары науқасқа ерекше ота жасалды