Аумақтық қорғаныс әскерлерінің міндетіне не кіреді

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Олар еліміздегі төтенше жағдайлар салдарын жоюға белсене атсалысады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2018 жылғы сәуірде әкімдіктердің жанындағы аумақтық қорғаныс құрамалары еліміздің Қарулы күштері аумақтық әскерлерінің әскери бөлімдері болып қайта жасақталды. Сол жылғы мамырда Жауынгерлік парад кезінде Мемлекет басшысы облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне құрамалардың жауынгерлік туларын табыс етті, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Аумақтық қорғаныс әскерлері «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» Заңымен белгіленген аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау мақсатында құрылған. Төтенше жағдай болған кезде олар аумақтағы аса маңызды нысандарды қорғайды. Сонымен қатар, аумақтық қорғаныс бөлімдері еліміздегі төтенше жағдайлар салдарын жоюға белсене атсалысады.

"Мәселен, аумақтық қорғаныс күштері COVID-19 пандемиясы кезінде, сондай-ақ 2020 жылы Сардоба су қоймасындағы жарылыс салдарын жоюға, 2022 жылы Қостанай облысындағы орман өртін сөндіруге, 2024 жылы еліміздің солтүстік-батыс өңірлерінде болған су тасқынын еңсеруге жұмылдырылғанын атап өткен жөн. Аумақтық әскерлердің әскери бөлімдері қазіргі әскери қызметшілер болып табылатын офицерлер, сержанттар мен сарбаздар қызмет өткеретін Қарулы Күштердің құрамдас бөлігі саналады. Әскери бөлімдер сапында қызметшілер саны туралы ақпарат жабық және таратуға жатпайды", — деді ведомстводан.

Аумақтық әскерлердiң қызметi Қазақстан Республикасының қорғаныс туралы заңнамасымен, сондай-ақ ведомстволық басшылық құжаттарымен регламенттеледi. Әскерлер арналуы бойынша мiндеттердi орындауды қамтамасыз ететiн дайындық дәрежесiнде ұсталады. Оларды қамтамасыз етудi Қорғаныс министрлiгi мен жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады. Жеке құрам қажеттi қару-жарақпен және әскери техникамен, сондай-ақ материалдық құралдар қорымен жабдықталған.

"Әскерлердің әзірлігін арттыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттің қорғанысы жөніндегі міндеттерді орындауға даярлау мақсатында тұрақты негізде әскери міндеттілерді шақырумен оқу-жаттығулар өткізіледі. Әскерге шақырылған азаматтар оқу-жаттығуларда әскери даярлықтан өтеді. Бұрын әскери қызмет барысында немесе оқу орындарында оқыған кезде алған дағдыларын қалпына келтіреді және жетілдіреді", — деді Қорғаныс министрлігінен.

Оқи отырыңыз: Төзімділік, батылдық, тәртіп: десантшылар дайындығы қалай өтеді

Новости партнеров