Десанттық-шабуылдаушы бригада әскерлері – Қазақстан қарулы күштерінің элитасы саналады
«Төзімділік, батылдық, тәртіп». Бұл – Райымбек батыр атындағы 38-десанттық-шабуылдаушы бригадасы сарбаздарының ұраны. Бүгінде онда 1500-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Олар түрлі тапсырмаларды орындауға жұмылдырылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Десанттық-шабуылдаушы бригада әскерлері – Қазақстан қарулы күштерінің элитасы саналады. Бұл қатарда болу – әр сарбаз үшін үлкен мәртебе. Бұлай дейтініміз, жас жауынгер түрлі тапсырмаларды орындауға жұмылдырылады. Негізгі міндеттерінің бірі – шекара шебіндегі әскерлердің күштерін толықтыру. Сондықтан, бойы ұзын, денесі мығым, шапшаң жігіттер дәл осы саптан табылады.
«ЖОО бітіріп, әскерге барып өз борышымды өтейін деп өз еркіммен келдім. Үш айдан кейін кіші сержант лауазымын алдым. Ары қарай жұмысымды 38-бригада да келісімшартқа отырып, жалғастырғым келеді», – деді сарбаз Нүгербек Тәттімбек.
Десанттық-шабуылдаушы бригадасына шақырылушы спортқа жақын болуы тиіс. Оның білтемірге тартылу, қашықтыққа жүгіру, автомат ату сынды іс-қимылдарды қас-қағым сәтте орындауы ескеріледі. Мұнда әрбір жауынгер тек физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да шыңдалады. Төзімділік, батылдық пен тәртіп –десантшылардың басты қағидасы.
«Қолыма алғаш рет автомат Калашниковты ұстадым. Әр әскерге шақырылған азамат ең бірінші осы қарумен атып көреді. Бастапқыда маған қиын болды. Алайда оқу-жаттығулардың, шыдамдылық пен төзімділіктің арқасында қазір өз ісімнің шеберімін десем де болады. Міне, дәл осы қасиеттер әр жауынгердің бойында болуы тиіс», – деді 2-өртке қарсы рота командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Аяжан Әміржанова.
Аталған әскери бөлімнің жетістіктері аз емес. Еліміздің кез келген аймағында ұйымдастырылатын оқу-жаттығу жиындарынан бөлек, десантшылар халықаралық армия ойындарында бақ сынап, үздік нәтижелер көрсетіп келеді.
Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек, Алмат Ілиясов
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ҰОС ардагерлері 10 мың доллардан астам қаржы алды