Олар 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кәсіп ашамыз деп, өтінім беріп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген
Алматы облысының тұрғындары 3 жылдан бері 2,5 пайызбен берілетін несиелерін әлі ала алмай жүр. Сөздерінше, жұрт 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кәсіп ашамыз деп, өтінім беріп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жамбыл ауданының тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасына
2023 жылы құжат тапсырған. Кәсіп бастаймыз дегендердің өтінімі сол кезде-ақ мақұлданып, рәсімделген. Жұрт тіпті жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, баспасын кепілдікке қойған. Бірақ әлі күнге дейін олардың шотына бір тиын да түспепті. Салдарынан, жоқ кәсіпке салық төлеп, ай сайын сақтандыруға ақша құяды. Оның үстіне, шаруалар бизнес жоспарды 3 жыл бұрынғы бағамен өткізген. Ал одан бері мал мен жеп-шөптің құны шарықтап кеткенін айтты.
«Әне түседі, міне түседі» дейді. Бермейді ақшамызды. Үйімізді кепілге қойдық. Үш жыл болды, ЖК ретінде тіркелдік, бірақ алған ақшамыз жоқ», – деді облыс тұрғыны Самалбек Сарқытбек.
Бірақ аудандық ауыл шаруашылығы басшысы «қаржыны бөлу менің құзырымда емес» дейді. Оның сөзінше, ақша республикалық бюджеттен облыс қазынасына түседі. Ал ол халыққа қашан берілетіні белгісіз.
«Бағдарлама елге өте тиімді. Несие 5 жылға 2,5 пайызбен беріледі. Бірақ ақша аз боп тұр. Азаматтардың қойған талабына сәйкес, құзырлы органдарға хат жазамын. Ертең жауабын береміз. Бізге берілген мәлімет бойынша ақша жоқ», – деді Жамбыл аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аян Нүрпейісов.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдері азаматтарға несиенің берілмеу себебі – республикалық бюджеттен бекітілген соманың түспеуінде деп отыр. Яғни 2024 жылы Алматы облысына 17,6 миллиард теңге қаржы құйылуы керек болған. Алайда бюджетті оңтайландыруға байланысты тек 2,5 миллиард теңге жіберіліпті. Сәйкесінше, былтыр тек 271 адамың өтініші қанағаттандырылған. Сондықтан жауаптылар биыл қалған жандардың өтінімін қарастырып, ақшасын аударамыз деп сендіріп отыр.
Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Маңғыстау, Қызылорда облыстарында мал жайылатын жер жетіспейді