Үкіметтің алдында биыл мал жаюға қажетті 3,5 миллион гектардың мәселесін шешу міндеті тұр
Елімізде жайылым жерлердің тапшылығы әлі де өзекті. Үкіметтің алдында биыл мал жаюға қажетті 3,5 миллион гектардың мәселесін шешу міндеті тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мал жайылатын жер әсіресе Маңғыстау, Қызылорда облыстарында жетіспейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекетке жерлерді қайтару, халықты жайылыммен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыра бермек. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қайтарылған 8,5 миллион гектар жер қайта бөлініп, оның 2,8 миллион гектары халыққа мал жаюға берілген. Ал 5,7 миллион гектар конкурстық негізде шаруларға табысталған. Жыл ортасына дейін қалған 5,1 миллион гектар жерді бөледі.
Айта кетейік, республика бойынша 30 миллион гектар жайылымның тоз-тозы шыққан. Ведомство оларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді.
«Жылда геоботаникалық жұмыстардың нәтижесінде жергілікті атқарушы органдарға қай жерге, қандай малды жаю және жайылымы қалай жақсарту мәселесі бойынша тиісті жұмыстар үздіксіз атқарылып келді. Сондықтан да Маңғыстау облысы, Қызылорда облысы бойынша да тиісті жұмыстар одан әрі жалғастыратын боламыз», – деді ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Бижанов.
Оқи отырыңыз: Балаларға күлкі сыйлау: Алматыдағы әлеуметтік мекемелерге мектеп оқушылары көмек көрсетті