Алуаның отбасы қазір шетелден протез іздеп әлек
Астанада автобус апатынан ауыр жарақат алған 8 жастағы Алуа көмекке мұқтаж. Ал қыздың анасы баласына күтім жасау үшін жұмыстаншығып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алуа Бекен Ақмола облысы Егіндікөл ауылынан 1-сыныпты аяқтап, жазғы демалыста әжесімен бірге Астанаға қыдырып келген. Апат болған күні автобуста бүкіл отбасы мүшелерімен бірге отырыпты. Олар ойын-сауық орталығынан қайтып келе жатқанда, жүргізуші көшенің шетіндегі бағананы байқамай, соғып кеткен. Салдарынан жеткіншектің бір аяғы темірге қысылып қалған екен. Дәрігерлер ауыр жарақат алған Алуаға шұғыл ота жасап, екі аяғын тізеден төмен ампутациялауға мәжбүр болған. Қыздың анасының айтуынша, ол қайта-қайта аяғын сұрап, жылай береді екен. Қазір Алуамен психолог мамандар жұмыс істеп жатыр.
«Алуаның жағдайы тұрақты, жақсы, агрессиясы бар. Қалай айтайын шошып қалған, психологтар баламен жұмыс жасап жатыр. Барлық жағдайын істеп жатыр. Өзі аяғымен жүргісі келеді. Екінші рет шағын операция болды. Анау бір аяғы жақсы жазылды, ал оң жақ аяғы дұрыс жазылған жоқ. Жансақтау бөлімінен шығып, қасыма келді», – деді Алуаның анасы Махаббат Төлеубекова
Алуаның отбасы қазір шетелден протез іздеп әлек. Жақындарының айтуынша, оның біреуінің құны 18 миллион теңгеден кем емес. Оның үстіне, протездерді жарты жылда бір рет ауыстырып тұру керек.
Алуаның болашағын, Астанадағы жағдайын жасап, пәтерін алып берсе, Ол ауруханаға, мектепке жақын болу керек. Сапасы жақсы, жеңіл протез болғанын қалаймыз. Германия, Түркия елдерінде протез бар, өздері хабарласып жатыр», – деді Алуаның ағасы Бақтияр Серіков.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Алуаның жағдайы тұрақты. Ол жансақтау бөлімшесінен травматология бөліміне ауыстырылды.
«Қыздың психоэмоционалдық жағдайы әлі де қиын, мамандар онымен жұмыс істейді. Барлық медициналық қызметкерлер үнемі жанында, сонымен қатар анасы қасында болады», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардақ,
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек автобус апатынан екі аяғынан айырылған 8 жасар Алуаға көрсетілетін көмек туралы айтты.
«Сақтандыру 20 млнның маңайында және әкімшілік 10 млн теңге берді. Қосымша 10 млн теңге береміз деп жоспарлап отырмыз. Баспана мәселесін шешіп береміз. Ресми түрде айтып отырмыз», – деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Алуа Бекен Астанадағы балалар ауруханасында ем алып жатыр. Отбасы жеткіншектің болашақта жүріп-тұруы үшін қажет болатын протездер мен оңалту шараларына қаражат жинап жатыр. Жақындары қызға қол ұшын созамын дейтін жомарт жандардың көмегіне үміт артып отыр.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында кен орнындағы апат болды