Автобус паркі кешірім сұрамады: қоғамдық көліктен құлаған әйел мүгедектер арбасына таңылды

10.04.2026 19:32

Келіншектің оң аяғы екі жерден сынып, денесінің 28 жеріне тігіс түскен

Түркістан облысында автобустың есігі жабылмай, жолаушы жолға құлап, ауыр жарақат алған. Салдарынан 31 жастағы әйел мүгедектер арбасына таңылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқыс жағдай 2 ай бұрын болған. Сол күні Лаура Досова 6 жасар ұлымен бірге қоғамдық көлікке мінеді. Алайда сол сәтте автобус жүргізушісі есікті жаппай, жүріп кетіпті. Салдарынан жолаушылар жерге құлап, көлік келіншекті басып өткен.

«Оқиғадан кейін жағдайым өте ауыр болды. Дене жарақаттарынан бөлек, моральдық жағынан қатты соққы алдым. Бірнеше операция, ауырсынулар, мұның барлығы оңай тиген жоқ», - деді жәбірленуші Лаура Досова.

Абырой болғанда, сол күні кішкентай балақайға ештеңе болмаған. Алайда анасының сау-тамтығы қалмаған. Келіншектің оң аяғы екі жерден сынып, денесінің 28 жеріне тігіс түскен. Дәрігерлер әйелдің жанын сақтап қалғанымен, оның қайтадан еркін жүріп кетуі екіталай екен.

«Қазіргі уақытта өз бетімше қозғалуым қиын. Шектеулер жеткілікті. Ем қабылдап жатырмын.  Денсаулығым үнемі бақылауды қажет етеді», деді жәбірленуші Лаура Досова.

Бүгінде полиция бұл жағдайға қатысты тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеді. Дегенмен, нақты шешім тергеу аяқталған соң ғана қабылданады.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, автобус жүргізушісі жолаушыларды отырғызу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етпестен, жүріп кеткен. Нәтижесінде жолаушылардың бірі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр», деді Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бүгінде Лаура Досова үш баласын тастап, ата-анасының үйін паналауға мәжбүр. Мүгедектер арбасына таңылған әйел жүргізушінің заң алдында жауап беріп, емделуге кеткен шығынды өтеп беруін талап етеді. Ал автобус паркі болса, сот үкімін күтеміз деп, кешірім де сұрамапты.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков

Оқи отырыңыз: Алматы облысында жетім қызды зорлаған 8 жігіттің екеуі ұсталды