Автодилердің айласы: Алматы облысында 130-ға жуық азамат темір тұлпарынан айырылып қалды
Жиналғандар автосалон басшылығымен қоса, осы қызметті жарнамалаған менеджерлерді де жазалауды талап етіп отыр
Көлігінен де айырылды, қаржысынан да қағылды. Алматы мен Алматы облысының 120-дан астам тұрғыны темір тұлпарын сатпақ болып, сан соғып қалды. Мүліктерін делдал компанияға сеніп тапсырған жұрт көліктің арзан бағаға өтіп кеткенін және одан бір тиын да көрмегенін айтып шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиналған жұрт көлігін сату үшін арнайы қосымшаларға жарнама салған. Көп ұзамай әлдекімдер темір тұлпар иелеріне хабарласып, мүлігін тиімді бағамен тез сатып беруді ұсыныпты. Екі тарап келісімге қол қойып, тиісті құжаттарды толтырған. Алаяқтардың айласы дәл осы жерден басталады. Әр адамға көлігін бірден компанияның атына аудару ұсынылып, есесіне кепілхат беріліпті. Онда темір тұлпарды нарықтық бағамен 14 күн ішінде саудалап беру рәсімделіп, шарт орындалмаған жағдайда, көлік иесіне кері қайтарылуы тиіс болған. Алайда жиналған жұрт жарты жыл бойы не ақшаның, не мүліктің қайтарылмағанын айтады.
«Аға, міне, қазір ақшаңыз түседі, банк жабылайын деп жатыр. Машинаны мына ЖСН-ге, клиентке аударыңыз» деді. Кейін барып ол клиенттің клиент емес, өз адамдары екені белгілі болды. Олардың арасында 7-8 алыпсатар болған екен. Әрқайсысы 10-15 машинадан алып отырып сатқан. Менің нақты бағасы 12-13 миллион тұратын машинамды 6 миллионға сатқан. Енді әлгі алыпсатар үстінен 2 миллион 300 мың пайда көрді. Маған «Иә, пайда көрдім, рахатын көрдім, тойымды жасадым» деп отыр», – деді Алматы қаласының тұрғыны Асхат Қарақұлов.
«Мен 2020 жылғы Kia K7 көлігін сатуға Қабирханға қойдым. Өздері қоңырау шалып «Сіздің көлігіңізге сұраныс бар, сатып береміз» деді. Мынандай кепілдік міндеттемесін берді. «14 күнде ақшаңызды банк арқылы аударамыз, мөрі де бәрі бар» деп сендірді», – деді Алматы қаласының тұрғыны Баян Советова.
Полицияға алғашқы арыз сәуір айында түскен. Алайда қылмыстық іс тек маусымда ғана тіркеліпті. Жәбірленушілер қазір тергеу амалдары тиісті деңгейде жүргізілмей жатыр деп дабыл қағып отыр. Басты мәселе – алдау жолымен тартып алынған көліктердің қайда екені белгісіз. Жәбірленушілердің дені мүлікін полицейлерден бұрын өз бетінше іздеуге мәжбүр болғанын айтады. Қазірдің өзінде кейбірінің темір тұлпары хабарландыру сайттарында қайта сатылымға шығарылған. Ал бір бөлігін құқық қорғау органдары тәркілеген көрінеді.
« 18 маусым арыз жаздық, арада біраз өтті. Менің көлігім ашық түрде сатылымда тұр», – деді Алматы қаласының тұрғыны Асқар КелдебековП
Жиналғандар автосалон басшылығымен қоса, осы қызметті жарнамалаған менеджерлерді де жазалауды талап етіп отыр. Олардың пікірінше, тергеу созылған сайын көліктер қайта сатылып, олардың ізін табу қиындай түседі. Жұрттың алдына шыққан тергеу бөлімінің басшысы бұл іс ерекше назарда екенін жеткізді.
130-ға жуық адамды сан соқтырған автосалон биыл ғана ресми тіркеліпті. Олар темір тұлпарларды өз басшылығының атына рәсімдеп, көліктерді нарықтық бағадан әлдеқайда арзанға сатқаны белгілі болып отыр. Көбіне оларды басқа делдалдарға немесе автокөлікті жалға беретіндерге өткізген. Ал алаяқтық жасады деген күдікке ілінген компания бірнеше мәрте атауын ауыстырып, жұмысын жалғастыра берген көрінеді.
Жұртшылық енді істі созбалаңға салмай, Қарасай аудандық бөлімінің қарауынан облыстық Полиция департаментіне ауыстыруды талап етіп жатыр.
«Күдікті тұлғалар сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта айтылып отырған басқа да тұлғалардың іс-әрекеттеріне сот шешімімен толыққанды құқықтық баға беріледі», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин.
Көлік сатамыз деп сан соққан 120-дан астам азамат бес айдан бері талай табалдырық тоздырдық деп отыр. Істің орнынан жылжымай тұрғанына наразы жұрт бүгін облыстық Полиция департаментіне жиналды. Тәртіп сақшылары қазан айының соңына дейін жәбірленушілерді іс материалдарымен толық таныстыруға уәде берді. Ал ел аумағында заңсыз сатылған көліктерді іздеп, тәркілеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов, Алматы облысы.
Оқи отырыңыз: Көкшетауда жоғалып кеткен 4 жастағы баланың денесі табылды