Азат Олжабаев: Отаның сәтті өтуі - ата-ананың да жауапкершілігіне байланысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде жыл сайын маусым айының 3-жексенбісі медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде атап өтіледі. 

Almaty.tv тілшісі адам өміріне араша түсіп, тәулік бойы шұғыл режимде қызмет ететін хирург мамандардың еңбегін ерекше айтап өтуді жөн көрді.

Алматы қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасының хирургия бөлімшесіне жылына мыңдаған кішкентай пациент жоспарлы және шұғыл түрде жеткізіледі. Мұндағы білікті мамандар тобы ең күрделі туа біткен патологиялармен, сондай-ақ түрлі деңгейдегі жарақаттармен түсетін балалардың өмірін сақтап қалуға тырысады. Аталған көпсалалы бөлімшені жоғары санатты балалар хирургі Азат Олжабаев басқарады. Емдеу мекемесінде 4 жарым жылдан астам уақыт үзіліссіз қызмет етіп келе жатқан маман күніне 4-5 күрделі ота өткізеді. Дәрігердің айтуынша, бөлімшедегі басты міндет – шұғыл хирургиялық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«2021 жылы 11 қыркүйекте ұстазымның арнайы шақыртуымен қабылдау бөлімінде жұмыс бастадық. Күніне 4-5 ота  жасаймыз. Ең қиыны – 4-5 сағатқа созылған отада тік тұру. Науқастың жағдайы жақсарса, бізге күш береді», – деді № 2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Азат Олжабаев.

Денсаулық сақтау саласындағы нәтижелі еңбегі үшін Азат Олжабаев Алматы қаласы бойынша «Үздік балалар хирургі» атағын иеленген. Оның медициналық практикасында науқастардың асқазаны мен өңешінен қауіпті бөгде заттарды эндоскопиялық жолмен, сондай-ақ тыныс алу жолдарынан бронхоскопия арқылы жасалған бірегей оталар бар. Бес жылға жуық уақыт ішінде оның жетекшілігімен 10 мыңға тарта кішкентай пациентке торакалдық, лапароскопиялық және тағы басқа бағыттағы күрделі операциялар жасалған. Кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында 2023 жылы Германияның Кёльн қаласында тәжірибе алмасып қайтқан маман қазіргі таңда хирургиямен қатар, балалар урологиясы саласын да бірге алып жүр. Оның бұл еңбегін аурухана басшылығы мен әріптестері де жоғары бағалайды.

«Хирургтарда міндетті түрде мінез болуы керек. Мінезсіз хирург –  хирург емес. Әрине тәрбиесі, бәрін алып алу керек, балаларды жақсы көру керек.Азат Серікбайұлы – жоғарыда айтылған қасиетің барлығын бойына сіңірген дәрігер», – деді № 2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Марат Қаптағаев. 

Балалар хирургиясындағы кәсіби этиканың маңызды бөлігі – пациентпен және оның заңды өкілдерімен дұрыс байланыс орната білу. Азат Олжабаевтың сөзінше, хирургиялық емнің сәтті өтуі тек дәрігердің шеберлігіне емес, ата-аналардың медициналық нұсқаулықтарды нақты орындауына да тікелей байланысты. Өз кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын білікті хирург әрбір отадан кейінгі оң нәтижені және балалардың сауығып, үйіне аман-есен оралуын өз жұмысының басты көрсеткіші деп біледі.

Диана Жұматай, Арсен Шамшитдин, Хангелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Алматы облысында медициналық мекемелерге 70 жедел жәрдем көлігі табысталды