Азаттық жылнамасы: үш ұрпақтың тағдыры арқылы көрінген тәуелсіздік шежіресі
Үш буынның өмір тәжірибесі бөлек болғанымен, елге деген сүйіспеншілігі мен болашаққа артқан үміті ортақ
Биыл Қазақстанның азат ел атанғанына 35 жыл толады. Осы уақыт ішінде тұтас бір дәуір ауысып, бірнеше ұрпақ қалыптасты. Бірі егемендіктің алғашқы таңын толқыныспен қарсы алды. Екіншісі тәуелсіз елмен бірге есейді. Ал бүгінгі жастар азаттықтың аясында арман қуып келеді. Үш буынның өмір тәжірибесі бөлек болғанымен, елге деген сүйіспеншілігі мен болашаққа артқан үміті ортақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Зейнехан Оралбекова тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын көзімен көрді. Ол кезде 40 жаста болған ақ жаулықты әже сол күндерді ұмытқан емес. Өйткені талай жыл дербес ел болуды аңсаған халық үшін егемендікке жету – тарихи сәт. Сондықтан болар, зейнеткер еркін өмір сүру – бізге бұйырған ең үлкен бақ деп есептейді.
"Тәуелсіздік алғанымызды естігендегі көңіл күйім әлі есімде. Өз алдымызға ел, мемлекет болдық деп қуандық. Бәріміз бір-бірімізді құшақтап, көзімізге жас алып, сол күнгі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл - біздің ата-бабамыздың, одан Ахмет Байтұрсынұлы ағаларымыздың көптен аңсап, армандап кеткен ұлы күні. Міне, сол күнге біз жеттік", - деді қала тұрғыны Зейнехан Оралбекова.
Салтанат Құдиярова тәуелсіз елмен бірге есейіп, заманның жаңаруын, қоғамның өзгеруін көрді. Бүгінде ол балабақшада бүлдіршіндердің бойына білім мен ізгілік дәнін сеуіп жүр. Ұстаздың пайымынша, егемендіктің ең үлкен байлығы – білімді, тәрбиелі ұрпақ. Сондықтан балалардың бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, ел болашағын тәрбиелеуді жауапты міндет әрі үлкен мақтаныш санайды.
"1991 жылы еліміздің тарихында маңызды кезеңдердің бірі болды. ҚР тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болып, халықтың болашаққа деген сенімі артты. Ал бүгінде Қазақстан - дамыған, жаңа мемлекет. Осындай мемлекетте қалаларымыз көркейіп, жаңадан мектептер, балабақшалар салынып жатыр. Осындай биік те әсем балабақшамызда балаларымызға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жатырмыз", - деді № 39 «Інжу-маржан» балабақшасының тәрбиешісі Салтанат Құдиярова.
Ал Нұрзат Жұман – тәуелсіз елде дүниеге келіп, азаттықтың аясында өсті. Ол үшін көк байрақтың желбіреуі мен елдің еркіндігі – үйреншікті жағдай. Алайда жас жігіт бүгінгі бейбіт күннің оңайлықпен келмегенін жақсы түсінеді. Сондықтан ол "азаттықты сақтау - аманат" деп біледі.
"Тәуелсіз елде өстік, тарихымызды біліп өстік. Қарасақ, қаншама ата-бабаларымыз, аға-әпкелеріміз бар күшін осы тәуелсіздіке жету үшін аянбай еңбек еткен. Сондықтан осы жолда біз де күн,түн демей еліміз, отанымыз үшін адал еңбек етіп, жастардың бәсекеге қабілетті болуын нығайтуымыз керек", - деді студент Нұрзат Жұман.
Зейнехан әженің жүрегіндегі қуаныш, Салтанаттың еңбегіндегі үміт, Нұрзаттың бойындағы жауапкершілік – тәуелсіздіктің үш түрлі көрінісі. Ұрпақ ауысады, уақыт өзгереді, бірақ елге деген сүйіспеншілік үзілмеуге тиіс. Себебі азаттықтың ең үлкен жеңісі – тәуелсіздікті алу ғана емес, оның қадірін ұғыну.
Лаура Бабас, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: «Steppe Civilization» журналы шығады: түркі елдері ғалымдары ортақ консорциум құрмақ