«Steppe Civilization» журналы шығады: түркі елдері ғалымдары ортақ консорциум құрмақ
Бастама аясында бес жылдық жол картасы әзірленбек
Түркі елдері дала өркениетін бірлесіп зерттемек. Бұл бағытта арнайы халықаралық консорциум құру жоспарланып отыр. Аталған мәселе бірнеше мемлекеттің ғылыми академиялары басшыларының басқосуында көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алдағы уақытта Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия ғалымдары ортақ тарихи мұраны, археологиялық деректер мен құнды қолжазбаларды зерделейді. Сондай-ақ аталған бастама аясында бес жылдық жол картасы әзірленбек. Бұл ғылыми ақпараттарды алмасуға, бірлескен экспедициялар ұйымдастыруға және тарихи деректерді цифрландыруға мүмкіндік бермек.
"Бұл жерде 4 бағыт бар. Бірінші бағыт — бүкіл архивтерде жатқан, қасымызда көршілес мемлекеттерде жатқан деректерді, тарихи құжаттарды ғылыми айналымға алып келуіміз керек. Яғни, бірге пайдалануымыз, зерттеуіміз керек. Екінші бағыт — бірлескен экспедициялар құру, әрбір саладағы үлкен мигранттарды бірге іске асыратын боламыз", - деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Айта кетейік, жоба аясында жас ғалымдарды зерттеу жұмыстарына тарту және жоғары оқу орындарына арналған жаңа оқу құралдарын әзірлеу де жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, түркі әлемінің ғылыми жетістіктерін халықаралық деңгейде таныту мақсатында ағылшын, түрік, қазақ және өзге де тілдерде жарияланатын «Steppe Civilization» атты ғылыми журналын шығару да ұсынылды.
Алқалы жиынға қатысушылар «консорциум - елдер арасындағы ғылыми байланысты нығайтып, ортақ тарихи мұраны жүйелі зерттеуге мүмкіндік береді» дейді.
"Ортақ журналдың атын "Дала өркениеті" деп ұсындық. Дала өркениетін зерттеу бағытында. Яғни, «Steppe Civilization» деп аталады. Түркия тарапы журналды тікелей жүзеге асыруға ұсыныс айтып отыр және журналдың редакциясына, редкколлегиясына бүкіл түркі елдерінің ғалымдары кіретін болады деп жоспарлануда. Мақсат — түркі елдерінің ғылыми мүмкіндіктерін, нәтижелерін әлемге жариялау", - деді ҚР ҰҒА Білім және қоғамды дамыту ғылымдары орталығының басшысы Жеңісбек Төлен.
Оқи отырыңыз: ТМҰ ақпарат министрлері жасанды интеллект пен фейк ақпаратпен күресті талқылады