Игі іс әлемуеттік желіде желдей есіп, аз уақыттың ішінде миллиондаған қаралым жинап, көпшіліктің көңілінен шықты
Алматыда мектеп түлектері бітіру кешін өткізуден бас тартып, оған жиналған қаржыны қайырымдылыққа жұмсады. № 93 гимназияның 11-сынып оқушылары қымбат кортеж, мейрамханадағы думанның орнына қомақты қаражатты сырқат балалар қорына беріп, игі бастамаға ұйытқы болды. Мектеп директорының сөзінше, оқушылар әуелден-ақ құр қызыққа әуес болмаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Биылғы соңғы қоңырау құшаққа сыймайтын гүл шоқтарымен, қымбат кортеждерімен көпшіліктің талқысына түскені анық. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалар құдды мектеп бітіруден бәсеке болып жатқандай әсер қалдырады. Құрдастары қатарымыздан қалмаймыз деп қыруар қаражатын қымбат кештерге түгендеп жүргенде, №93 мектептің оқушылары орталарынан оза шауып, шын көңілімен көмек көрсетуге асыққан. «Бірлік бар жерде тірлік бар» екенін дәлелдеген түлектер ата-аналарымен ақылдасып, кішкентай бүлдіршіндерге көмек беруді ұйғарған.¤
«Өте қарапайым балаларымыз. Биыл «қайырымдылық жасайық» деп балалар ұсыныс айтты. Біз тек қолдау көрсеттік. Осы идеямыз барлық мектептерге ұнап бізге қосылды. «Қоштасу кешін жасамай-ақ,балаларға көмегіміз тисін, жақсылық жасайық», деп шешті», – деді № 93 мектеп-лицейінің директоры Айгүл Ботабекова.
Игі бастамалардың көпке үлгі болары сөзсіз. Ал жақсылық жасауға тырысқан жастар көмек көрсетуге мүмкіндік бар екенін білгеннен кейін қол қусырып отыра алмадық дейді. Олардың айтуынша, ата-аналары да қолдап, көмегін аямаған. Олар игі істің ілгерілеп, дәстүрге айналғанын қалайды.
«Біз сән салтанатты кештен, кортеждерден бас тартып қайырымдылық жасауды жөн көрдік. Себебі Мағжан Жұмабаев атамыз «Мен жастарға сенемін» деген, Қазақстанның болашақ жастары адамдарға көмектесуді дұрыс дп санадық.Менің ойымша, мұқтаж адамдарға көмектескен дұрыс болады», – деді оқушы Жансая Саин.
«Иә, сөзсіз, бұл – басты міндетіміз деп түсіндік. Біз үшін өзгелерге көмектесуге мүмкіндіктің бары – бақыт. Құдайға шүкір, осындай игі істер жасауға жағдайымыз бар. Алдағы уақытта да мүмкіндігі шектеулі басқа балаларға қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Жақсылық жасай алғанымызға қуаныштымыз», – деді оқушы Альтаир Исатаев.
Игі іс әлемуеттік желіде желдей есіп, аз уақыттың ішінде миллиондаған қаралым жинап, көпшіліктің көңілінен шыққан. Отбасылық қордың басшысы да түлектер келіп, ниетін естігенде сенбей, абдырап қалғанын жасармады. Ол жас ұрпақ адамгершіліктің үлкен үлгісін көрсетті деп алғысын айтты.
«11-сынып оқушылары қымбат бітіру кешінен, көліктерден және бағалы гүл шоғынан саналы түрде бас тартып, отбасылық қорға сыйлық жасауды ұйғарды. Біз құнды сыйлықты күтпедік. Бұл – өсіп келе жатқан жас ұрпақтың адамгершілігінің үлгісі. Менің ойымша, лайықты ұрпақ өсіп келеді, қуаныштымыз», – деді қоғамдық қордың басшысы Шолпан Сүгірбекова.
Жақсылыққа жаны құмар түлектер қалған қаражатын балалар күніне орай, бүлдіршіндердің риясыз қуанышына себепші болуға жұмсамақ.
Ербол Медетбек, Ғани Қалуов, Ханкелді Ахметхан
Оқи отырыңыз: Ата заңдағы өзгерістер адам құқығын қорғауды күшейтті - сарапшы