Балалар демалысының қауіпсіздігі: Қостанайда лагерьге қатысты шешім шықты

Заңбұзушылықтар бойынша шара қабылданды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бітелген дәретхана, мүңкіген иіс. Қостанай облысындағы балаларды сауықтыру орталығынан дау шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұған дейін лагерьде демалушылар лас әжетханаларды бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған еді. Осыдан кейін санитариялық қызмет мамандары тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтаған. Соның нәтижесінде медициналық тексеруден өтпеген асхана қызметкерлері жұмыстан уақытша шеттетілді.

Сондай-ақ екі жатын корпуста су жылытқыштардың істемейтіні, ал тағы бір ғимаратта кәріз жүйесінің ақауы анықталды.

Бұдан бөлек, балалардың тамақтануын ұйымдастыру кезінде де санитарлық талаптардың бұзылғаны белгілі болды.

Тексеру нәтижесінде сот кәсіпкерге айыппұл салып, аталған сауықтыру орталығының жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім шығарды.

«Кәсіпкер заңбұзушылықтардың уақытында жойылмауын түрлі себептермен түсіндірді. Алайда сот бұл уәждерді ескерген жоқ. Нәтижесінде оған 432 мың 500 теңге көлемінде айыппұл салынып, балалардың демалысын ұйымдастыратын орталықтың қызметі үш айға уақытша тоқтатылды», – деді Қостанай облыстық сотының баспасөз хатшысы Ләззат Байғожина.

Оқи отырыңыз: Ақмола облысында демалыс күндері су айдындарында бес адам көз жұмды