Балалар кіммен қалады: Ақтөбе облысында әке мен ана арасындағы дау туындады

30.10.2026 16:45

Бауыржан Қайсиевтің 11 және 13 жастағы екі қызынан айырылып қалуы мүмкін

Ақтөбелік Бауыржан Қайсиевтің 11 және 13 жастағы екі қызынан айырылып қалуы мүмкін. Кәмелет жасына толмағандар ісі бойынша инспекция өкілдері бірнеше рет ескерту жасаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұл – Соғалы ауылындағы Бауыржан Қайсиевтің баспанасы. Зейнеткер жұбайымен ажырасқаннан кейін екі қызы әкесімен қалған. Қайсиевтің айтуынша, жары балаларды өзімен алып кетуге құлық танытпапты. Енді бар ауыртпалық әкенің мойнында. Жақында ол зейнетке шыққан. Мемлекеттен берілетін жәрдемақының көлемі де азайған.

«Алғашында 70 мыңнан 140 мың төленген. Одан кейін 60, 50 мың, тіпті соңғы рет 36 мың түсті. Неге төмендеп бара жатқанын түсінбедім. Әрине, қиын. Оның үстіне балалар құқығын қорғайтын органнан келіп, қыздарды алып кетеміз деп қорқытып жүр», – деді  Соғалы ауылының тұрғыны Бауыржан Қайсиев.

Аудандық әкімдік өкілдерінің айтуынша, зейнетақы көлемінің төмендеуіне Бауыржан Қайсиевтің соңғы жылдары ресми жұмыссыз жүруі себеп болған. Қазір оның еңбек өтілі тексеріліп жатыр. Қаржылық қиындық отбасының басты мәселесі емес. Екі жыл бұрын ол жұбайымен ажырасқанда сот қыздар анасымен болуы керек деген шешім шығарған.

«Қазіргі таңда Бауыржан Қайсиев сот шешімінің қайта қаралуы бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл отбасына барынша қолдау көрсетілуде. Білім бөлімі мектепке керек-жарақ алу үшін оқу жылының басында әр балаға 50 мың теңгеден бөледі. Ал 2025 жылы қиын жағдайда қалғандарға көмек көрсету бағдарламасы аясында 393 мың теңге көмек көрсетілген», – деді Қобда ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Құлбергенов.

 Бауыржан Қайсиевтің бар арманы – қыздарын ешкімге бермей, өзі өсіру. Анасы теріс айналған балаларына бар махаббатын бергісі келеді. Бірақ соңғы шешімді сот шығарады.

Асыл Махметов, Наталья Лаврентьева, Ақтөбе облысы

Оқи отырыңыз: Алатау қаласының тұрғыны 46 жаста дейін құжатсыз өмір сүрген

 

Толық көрсету