Анимациялық туынды кәсіби мультипликаторлардың қолдауымен жасалды
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторингі агенттігі «Заң және тәртіп» нарративі аясында қаржылық қауіпсіздік тақырыптарына арналған мультфильмдер циклын іске қосты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Агенттіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бүгін Балаларды қорғау күніне орай, қалың көрермен арасында танымал «Қошқар мен Теке» мультфильмінің алғашқы сериясы жарыққа шықты.
Алғашқы серия қаржы пирамидалары тақырыбына арналады. Балалар сүйіп көретін кейіпкерлер көрермендерге алаяқтық схемаларды қалай анықтап, өздерін және жақындарын қаржылық алдаудан қалай қорғауға болатынын түсіндіреді.
«Мультфильмдер циклы балалар аудиториясына бағытталған және өсіп келе жатқан ұрпақтың қаржылық сауаттылығы мен құқықтық санасын қалыптастыруды мақсат етеді. Келесі бөлімдерде лудомания, дропперлер, интернет-алаяқтық, заңсыз микроқаржылық ұйымдардың қызметі сияқты маңызды тақырыптарды қозғайды», - делінген ҚМА хабарламасында.
Айта кету керек, анимациялық туынды кәсіби мультипликаторлардың қолдауымен жасалды.
Мультфильмнің тұсаукесері бүгін 1 маусым күні жетекші телеарналар мен Агенттіктің ресми әлеуметтік желілерінде көрсетіледі.
Оқи отырыңыз: Жасөспірімдер құқығы мен қауіпсіздігі: ҚМА қандай деректерді жариялады