Базардағы бәсеке: Алматыда жастар арасында ұлттық спорт фестивалі өтті

28.04.2026 19:16

Екінші жыл қатарынан өтіп жатқан доданың жалпы жүлде қоры 3 миллион теңге

Алматыда базарлар мен сауда орындарында еңбек етіп жүрген жастардың қатысуымен «YOUTH NOMADS» атты ұлттық спорт фестивальінің финалы өтті. Жастар саясаты басқармасы ұйымдастырған жарыста қатысушылар асық ату, ләңгі тебу, қой көтеру секілді бес бағытта сынға түсіп, өз шеберліктерін паш етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматыдағы 40-қа жуық базардан жиналған спортсүйер 250 қызметкер Кенжехан базарында бас қосты. Алдымен көпшілік арнайы жасақтың қойылымын тамашалап, ерекше көңіл күйге бөленді. Артынша Алматы қаласы әкімінің орынбасары сөз алып, спорттың қоғамдағы маңызын атады.

«Спорт – достық алаңы. Ол несімен жақсы, өйткені спорт арқылы адамдар дос табады, бітіседі, татуласады, бауырластық орнайды. Біздің құдайға шүкір қаламыз –әлемдегі ең көрікті қалалардың бірі. Қаланы аялап ұстау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Спорт арқылы қаланың ішінде ауызбіршілікті күшейтеміз», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Сауда саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлер бес бағыт бойынша өзара бақ сынады. Бірі асық атып, мергендігін байқатса, енді бірі 75 келі қой көтерді. Сондай-ақ 6 метрлік шеңбер ішінде асық атып, арқан тарту арқылы командалық бірлікті көрсетті. Ал бұл жарыстың өту барысын ұлттық арт спорты клубының 10 төрешісі қадағалап, әділ бағасын берді.

«Барлығы – бірінші санаттағы төрешілер, өз ісінің мамандары. Ұлттық спорт түрлері ата-бабамыздан келе жатыр.Мұраны дамыту біз сияқты жастардың қолында деп ойлаймын»,– деді бас төреші Рауан Тоқтарбай.

«Бұл іс-шараның ең басты мақсаты – қазақ жігіттерінің арасындағы спортшылар  жұмыс істеп жүрген іс-шараларға қатыса алмайды. Соларға мүмкіндік беруСонай-ақ олардың арасында ынтымақты, қазақтың дәстүріне деген құметті насихаттау», – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

Айта кетейік, шаһарда екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған бәсекенің жалпы жүлде қоры 3 миллион теңге болды. Ұйымдастырушылар келер жылы да жарыстың ауқымын кеңейтіп, бұдан да жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.

Мәди Мәлік. Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Қауіпті нөмір бірден бұғатталады: енді алаяқтармен жасанды жады күреседі