Бейбіт аспан астында: Астанада меркелік іс-шара өтті

09.05.2025 19:38

Тәуелсіз елдің жастары аға буынға бейбіт аспан үшін алғыс айтуға жиналды

Астанада Жеңіс күніне арналған «Бейбіт аспан астында» атты меркелік іс-шара өтті. Батырлардың ерлігін жас ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылған жиынға жиналған халық «Отан ана» монументіне гүл шоқтарын қойып, жауынгерлердің рухына тағзым етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Отан ана» монументінің маңына жиналған елордалықтар алдымен отан үшін майданда қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Олар кеудесін оққа тосып, ұрпақ болашағы жолында жанын аямаған қаһарман аталарының суретін ала келген. Солардың бірі – өмірінің 60 жылын әскери қызметке арнаған зейнеттегі полковник Садық Ибраев. Қария ұрыс даласына аттанып, аман оралған әкесінің қос бауырына құрмет етуге келіпті. Ол өткенге көз жүгіртіп, құнды естеліктерін бөлісті.

«Соғыстың алдында әкем мен інісін шақырып, «қайсын барасыңдар?» дейді. Әкем өмір көргенін айтып, жас інісін қалдырып, өзі аттанбақ болады Сол кезде комбинат бастығы келіп, ікемді жібермей, алып қалады да, інісі кетеді», – деді запастағы полковник Садық Ибраев.

Жауынгерлердің ұрпақтары бүгінгі жиынға атасының ерлігін, есімін ұлықтау үшін келсе, тәуелсіз елдің жастары аға буынға бейбіт аспан үшін алғыс айтуға жиналды.

«Бұл іс-шараға ардагер аталарымызды көріп, соларға мың алғыс айту үшін келдім. Осылай бейбітшілік, тыныш заманда өмір сүргенімізге мың алғыс айтқым келеді», – деді студент Ерасыл Әбдиев.

Монументке гүл шоғын қойғаннан кейін жиналғандар әншілер мен музыкалық және би ұжымдарының өнерін тамашалады. Олар сол жылдардағы әндерді шырқап, қойылымдар қойды. Ашық аспан астындағы кинотеатрда соғыс туралы фильмдер көрсетілді. 1940-жылдар стиліндегі фотобудка қойылып, «Біздің батырлар» атты иммерсивті инсталляциялар ұйымдастырылды. Фотосуреттер көрмесі де өтті.

Естелік қабырғасында Ақмола өңірінен майданға аттанған жауынгерлердің ұрыс даласынан жолдаған хаттары жарияланған. Сондай-ақ облыстан шыққан Кеңес одағы батырларының суреттері жасанды интеллект арқылы халыққа ұсынылды. Жауынгерлер құдды өткеннен бүгінге көз салып тұрғандай.

«Бұл – ардагерлердің туыстарымен хабарласып, алынған құжаттар. Мақсат – жас буын өкілдеріне бүгінгі бейбітшілік өмірдің маңыздылығын ұғындыру», – деді Мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы Ботагөз Талғатқызы.

Жастарға Қазақстанның тарихынан сыр шертетін дәрістер мен шеберлік сабақтары өткізілді. Кешке дейін жалғасқан іс-шараға шамамен 20 мыңға жуық адам келген. Мерекелік бағдарлама мұнымен аяқталмайды. Елордалықтар кешкі сағат 22:00-де Ботаникалық бақ пен «Атырау» көпіріне іргелес аумақта Жеңістің 80 жылдығына арналған отшашуды тамашалай алады.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Соғыс ардагерлері салықтың қай түрінен босатылған