Жеңістің 80 жылдығына орай майдангерлерге 5 миллион теңге берілді
Майдан даласында ерлік көрсеткен ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне демеу беру, өмір сүру сапасын жақсарту үшін қаржылай қолдау жасау қашанда маңызды. Биыл сұрапыл соғысқа қатысқан қарияларға ай сайын 63 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленіп жатыр. Жеңістің 80 жылдығына орай майдангерлерге 5 миллион теңге берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы қаласында 21 соғыс ардагері және 6149 тыл еңбеккері тұрады. Олардың әрқайсысы шын құрмет пен алғысқа лайық. Жеңісті жақындатып, бейбіт күннің қадірін түсіндірген майдангерлерге 2011 жылдан бастап көмек көрсетіп келе жатқан ұйымның бірі – «ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері және соғыс балаларының кеңесі» қоғамдық қоры. Орталық ұжымы қазыналы қарттардың тек мерекеде емес, жыл көлемінде қолдау алуына, назардан тыс қалмауына жағдай жасап жүр.
«Ардагерлерге күн сайын барып тұрамыз. Біз 14 жыл тынымсыз еңбек етіп келе жатырмыз. Осы уақыт аралығында қарттарға жиі көңіл бөлу керек екенін айтып қана қоймай, іспен көрсетіп келеміз. Әрі мәдениет, құқық, медицина сынды салалар бойынша әлеуметтік көмектің түр-түрін беруге тырысып жүрміз», – деді «ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері және соғыс балаларының кеңесі» ҚҚ атқарушы директоры Райхан Жапарханова.
«Қоғамдық ұйымның құрамында 10 жылдан асты. Осы аралықта мүлде «жоқ» деген сөзді естіп көрмедім. Ылғи қала сыртына шығып тұрамыз. Тіпті қыс айларында да кездесу өткіземіз. Көңіл көтеретін іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады», – деді ардагер Тамара Максимова.
Биыл жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ардагерлер 5 миллион теңгеден бір реттік жәрдемақы алды. Ал тыл еңбеккерлеріне берілетін төлем 100 мың теңгеге теңестірілді. Майдангерлерге көрсетілетін көмек түрі қаржылай қолдаумен ғана шектелмеген. Олар медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет түрін де ала алады.
«Әр ардагердің санаторийге барып, емделуіне болады. Олардың ыстық және суық су есептегіш құрылғыларды орнату үшін және газ қондырғыларын қою үшін кеткен шығындары өтеледі. Коммуналдық қызмет тарифі өскендіктен, оған қатысты да өтемақы қарастырылған. Ардагерлерге осындай әлеуметтік көмек көрсетіледі», – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Атап өтерлігі, майдангерлер салықтың кей түрінен босатылған. Ардагердің 5,5 миллион теңгеден аспайтын жылжымайтын мүлкіне жалға берілмесе, коммерциялық мақсатта пайдаланылмаса салық салынбайды. Көлігінің қозғалтқыш көлемі 4000 текше сантиметр болса жеңілдік ала алады.
«Салықтық жеңілдіктерді алу үшін ардагерлер немесе олардың заңды өкілдері тиісті құжаттарды салық органдарына ұсынуы қажет. Ардагер мәртебесін растайтын құжаттар, куәлік, марапаттар туралы мәліметтер, жеке куәлігі тағы да жылжымайтын мүлік немесе көлікке қатысты құжаттарды алып келуі керек», – деді Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығының басқарма басшысы Айжан Бекеева.
Бейбіт өміріміздің берік негізіне айналған Жеңіс күні майданға аттанған сан мың қазақстандықтың еңбегі мен жанқиярлық ерлігінің арқасында келді. Ұл-қызынан айырылса да жұрт жабырқаған көңілін соғыстан оралғандарға қарап жібітті, ел болып бірікті. Сол себепті өз ортасы мен кейінгі ұрпаққа үлгі болған алдыңғы буынға қолдау мен құрмет көрсету, қамқорлық таныту – әрбір жастың парызы, ұлт міндеті.
Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Соғыс жесірі: Қызылордада қысқа метражды кинотуынды көрерменге жол тартты