Полиция өкілдері бейнебақылау жүйесіне қатысты әлеуметтік желілерде біршама жалған ақпарат тарап жатқанын айтты
Бүгіннен бастап елде жол қозғалысы мен қоғамдық тәртіпті бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Естімедім, білмедім демеңіз. Бұған дейін көлік жүргізіп келе жатып телефон пайдалану немесе қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты заңбұзушылықтарды тек инспекторлар ғана тіркейтін. Енді мұндай әрекеттерді бейнебақылау камералары да анықтай алады. Жүйе жүргізушінің әрекетін талдап, ереже бұзылған жағдайда айыппұлды автоматты түрде тіркейді. Сонымен қатар алдыңғы қатарда отырған жолпушы да қауіпсіздік белбеуін тақпаса көлік тізгіншісі айыппұл арқалайды.
«Бүгіннен бастап заң күшіне енді. Қаламыздағы бейнекамералар жаңа форматқа көшті. Бұл жаңа бейнекамералар емес, бұрыннан істеп жатқан бейнекамераларға жаңа функция енгізілді», – деді ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Сонымен қатар полиция өкілдері бейнебақылау жүйесіне қатысты әлеуметтік желілерде біршама жалған ақпарат тарап жатқанын айтады. Яғни кейбір желілерде «камералар қоқыс тастау, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту немесе сақтандыру полисін жаңартпау сынды құқықбұзушылықтарды да автоматты түрде тіркейді» деген мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Жаңа өзгерістерге қатысты қала тұрғындарының да пікірін білдік. Бірі мұндай жүйе жолдағы тәртіпті күшейтіп, жүргізушілердің жауапкершілігін арттырады деп санаса, енді бірі камералардың бақылауы шамадан тыс көбейіп бара жатқанын айтты.
«Енді телефон ұстамаймын, қауіпсіздік белдік тағатын болдым, бүған дейін бұл ережелерді орындамаймынмын», – деді жүргізуші Бекзат Ахметов.
«Айыппұлдың бағасы аз емес. Бір жерден сәл ағаттық кетсе, жазалай берген дұрыс емес. Бірақ телефон мен белдік – басты қауіпсіздіктің талаптары», – деді жүргізуші Жамал Таңатар.
Осы уақытқа дейін бейнекамералар автоматты режимде алты түрлі жол ережесін бұзуды тіркеп келген. Атап айтқанда, жылдамдықты асыру, қызыл шамға өту, жол белгілерін елемеу, дұрыс тоқтамау, басып озу ережесін бұзу және жаяу жүргіншіге жол бермеу. Енді бұл тізім кеңейіп, жүргізушінің телефон қолдануы немесе қауіпсіздік белдігін тақпауы да бақылауға алынды.
Жаңа тәртіп бірнеше техникалық құралдың көмегімен іске асады. Олардың қатарында кәдімгі бейнекамералар, автоматты тіркеу жүйелері және дрондар бар. Барлығы мемлекеттік ақпараттық базалармен біріктірілген. Мамандардың айтуынша, қалада шамамен 180 мыңға жуық камера қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын бақылауға жұмылдырылған. Ал айыппұлды уақытында төлейтіндер үшін бұрынғы жеңілдік сақталады.
Оқи отырыңыз: Арнайы операция: есірткі саудасына қатысы бар күдікті ұсталды