Елімізде 700 мыңға жуық азамат бәс тігумен тұрақты айналысады
Алматыда 16 жастан бастап құмар ойынның құрбанына айналатындар көбейген. Дәрігерлер «Оңалту орталығына кәмелетке толмаған жасөспірімдер жиі келеді» деп дабыл қағып отыр. Олардың қатарында тіпті қыздар да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оңай күнкөрістің тұзағына түскендердің бірі – 25 жастағы алматылық жігіт. Ойын құмарлығы 18 жасында колледжде білім алып жүргенде басталыпты. Жеңіл жолмен байығандарға ерем деп, өмірі түбегейлі өзгеріпті. Қарыз көп, қалтада көк тиын жоқ. Десе де, күдерін үзбей, қалыпты өмірге оралудың жолын іздеген жігіт кезең-кезеңімен оңалту шараларынан өткен.
«Шынымды айтсам, оңай жолмен ақша тапқым келді. Бір күннің ішінде бір айлық жалақыны табуға болатынын білгенде қатты қызықтым. Осылай тәуелділікке айналып, құмар ойынның жетегінде кеттім. Ұйқыдан оянғанда тек ойын жайлы ойлайтынмын. Ұтылып, есе жіберген кездерімнің ақшасын қайдан табам деген оймен ғана өмір сүрдім. Мені басқа еш нәрсе қуантпайтын болды. Жақындарыммен араласуды да қойдым. Жұмыс та, оқу да қызықтырмады, бәрі жайында қалды», – деді қала тұрғыны.
Сұраныс артқан соң, тәуелділікпен күрес жүргізетін оңалту орталықтары да көбейген. Бұл клиникаға лудомания бойынша тәулігіне 10-ға жуық науқас жедел жәрдеммен келетін көрінеді. Қазір 20 адам құмар ойынға деген тәуелділіктен арылу үшін ем қабылдап жатыр.
«Иә, статистикада өсім байқалады. Соңғы уақытта біздің көмегімізге жүгінетіндер саны көбейіп кетті. Өйткені, қазір құмар ойындар тым қолжетімді. Ұялы телефонда адамды елітетін түрлі жарнама шығады. Соның салдарынан оңай ақша табуға әуестік те артты. Біздің орталыққа 20 және 40 жас аралығындағылар жиі келеді. Өйткені, көбінесе бұл жастағы адамдардың қолында ойындарға тігетін ақша болады. Бірақ 16 жастағылар да емделуге келеді», – деді клиниканың бөлім басшысы Рафхат Гаитов.
Мамандардың айтуынша, лудоманияны дер кезінде емдемесе, арты күйзеліске ұласып, өз-өзіне қол жұмсауға дейін апарады. Әбден қарызға батқан ойыншылар өмірмен қоштасуды таңдауға дейін барады. Оған қоса, қазір ерлер ғана емес, құмар ойынның жетегінде кеткен әйелдер де көбейе бастапты.
«Кейбір жағдайда бала ештеңені мойындамайды, мәжбүрлі түрде ем жүргізіледі. Баламен оңалту орталығында психоло жұмыс істейді. Негізінде емдеу барысы 3-6 ай уақытты қамтиды. Баланы ойын өзгерту үшін уақыт керек. Ол бір апта, бір айдың көлемінде шешілмейді», – деді клиниканың бас дәрігері Шәкәрім Мәскеу.
Соңғы мәліметтерге көз жүгіртсек, Қазақстанда бұл нарық жылына шамамен 500 миллиард теңгеге жуық айналым жасайтын көрінеді. Елімізде 700 мыңға жуық азамат бәс тігумен тұрақты айналысады. Ал лудомандардың орташа жасы - 29. Халықаралық зерттеулер бойынша бәс тігетіндердің 8,3 пайызы ғана өз тәуелділігін мойындайтын көрінеді.
Айдана Шалқар, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Астанада көпқабатты тұрғын үй қабырғасының қаптамасы опырылып түсті