Берешек 735 миллион теңге: Түркістанда көгілдір отынға қарыз көбейіп барады

Олардың арасында зәулім сарай иелері мен дәулетті кәсіпкерлер де бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістанда көгілдір отынға қарыз көбейіп барады. Қазір қала тұрғындары мен кәсіпкерлердің берешегі 735 миллион теңгеге жеткен. Бірнеше ай бойы жасалған ескертулерге қарамастан, төлемегендер көп. Олардың арасында зәулім сарай иелері мен дәулетті кәсіпкерлер де бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Рейдтік топ ең алдымен шаһардағы ірі дәмханалардың біріне ат басын тіреді. Наурыз айынан бері берешегін өтемеген нысан иесінің қарызы бүгінде 630 мың теңгеден асып жығылады. Мамандар келгенде ғимаратқа жауапты тұлғалар төбе көрсетпеді. Сондықтан заң аясында газ құбыры сол сәтте кесілді.

Қарызды елемегендердің қатарында мейрамханалар да бар. Кәсіпкер 732 мың теңгені төлемей келген. Табыстың аздығын алға тартып, тағы уақыт сұрады. Бірақ бұл жолы мұрсат берілмеді. Енді нысан көгілдір отынға қарыз толық өтелген соң ғана қайта қосылады.

Мамандар ірі қарызы бар тұрғын үйлерді де назардан тыс қалдырмады. Мәселен, мына пәтердің иесі 424 мың теңге қарыз болса да, құлақ аспай келген. Енді бұл үйдің тұрғындары қайтадан отын жағып, күл шығаруға мәжбүр. Мамандардың айтуынша, газ ақысы әр айдың 25-іне дейін төленуі тиіс. Одан асып кетсе, өтемақы еселеніп қосыла бермек.

«Қазір берешекті өтемегендерді газдан ажыратып, сотқа материалдар өткізіп жатырмыз. Ары қарай сот орындаушылар абоненттің жеке шоттарын бұғаттап, Қазақстаннан тыс кетуге шектеу қойылады», -  деді «Qazaqgazaimaq» Түркістан филиалының маманы Нұркен Жүсіпбеков.

Бүгінде Түркістан қаласында 47 мыңнан астам абонент бар. Газ қызметкерлері қарызын төлемегендерге қатысты рейдтер алдағы уақытта да жалғасатынын айтады.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов ірі көтерме базарлардағы делдалдардың жолын кесуді тапсырды

Новости партнеров