Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар СҚО-дан келген
Ақмола облысындағы Бестөбе кенішіне қарасты шахтада алтын іздеумен заңсыз айналысқан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қайғылы оқиға 19 мамырда Қазақалтын компаниясына қарасты «Центральная» шахтасында болғаны хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша, опырылу кезінде 610-горизонт тереңдігінде 2 ер адам қалып қойған. Апатты жерге жету үшін тау-кен құтқарушылары шамамен 1,5 шақырым жүріп өткен. Екі ер кісінің оқиға орнында көз жұмғаны белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар СҚО-дан келген. Ақмола облысының Полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Бестөбе шахтасының кенішінде жер астының опырылуынан 38 және 21 жастағы екі ер адам қаза тапты. Аталған факті бойынша Степногорск қалалық Полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мәнжайы анықталуда», – деді ¤Полиция департаменті бөлімінің аға инспекторы Әсем Әбдірахманова.
Оқи отырыңыз: Заң мен әділдік: Алматыда мыңнан аса азамат тегін құқықтық кеңес алды