Білім мен ғылым, мәдениет пен инновация – жаңа Конституция жобасының өзегі

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Жаңа Конституция жобасы білім беру жүйесінің сапасына да институционалдық кепілдік береді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа Конституция жобасында ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияға айрықша басымдық берілген, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Құжатта адами капиталды дамыту мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде айқындалып, сапалы білімге қолжетімділік, ғылыми әлеуетті күшейту және зияткерлік ұлт қалыптастыру басты мақсат ретінде көрсетілген.

Бұл ұстанымдар Конституцияның білімге қатысты нақты нормаларымен де бекітілген. Атап айтқанда, 33-бапта: «Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей бастауыш және орта білім алуына кепiлдiк берiледi. Бастауыш және орта білім мiндеттi» деп көрсетілген. Бұл норма білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін басты конституциялық кепілдік ретінде айқындалады.

Сондай-ақ жоғары білім алу мүмкіндігі де заңнамалық деңгейде бекітілген. Аталған бапта: «Қазақстан Республикасы азаматының заңға сәйкес мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негiзінде жоғары білім алуға құқығы бар» деп нақты жазылған. Бұл жастардың кәсіби дамуына, адами капиталдың сапасын арттыруға бағытталған маңызды құқықтық негіз болып табылады.

Жаңа Конституция жобасы білім беру жүйесінің сапасына да институционалдық кепілдік береді. 33-баптың 4-тармағында: «Мемлекет білім берудiң жалпыға мiндеттi стандарттарын белгiлейдi. Барлық оқу орнының қызметi осы стандарттарға сәйкес келуге тиіс» делінуі – білім сапасын жүйелі түрде бақылау мен біріздендірудің конституциялық тетігі ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар білім беру саласының зайырлы сипаты да негізгі қағида ретінде бекітілген: «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие». Бұл норма қоғамның тұрақты дамуына, ғылыми ойлау мен сыни сананың қалыптасуына құқықтық негіз қалайды.

Жоба нормалары білім беру жүйесін жаңғыртуға, ғылымды экономиканың нақты секторымен ықпалдастыруға және жастардың шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған. Инновациялық экожүйені дамыту, стартаптар мен технологиялық бастамаларды қолдау, цифрлық трансформацияны жүйелі жүргізу де негізгі басымдықтар қатарында белгіленген.

Сондай-ақ жаңа Конституция мәдениетті ұлттық бірегейліктің, қоғамдық тұтастықтың және рухани дамудың іргетасы ретінде қарастырады. Мәдени мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, шығармашылық еркіндік пен мәдени әралуандықты қолдау қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын маңызды факторлар ретінде айқындалған.

Осылайша, жаңа Конституция жобасы білімді ұлт, инновациялық экономика және мәдениеті кемел қоғам қалыптастыруды көздейтін заманауи даму моделін ұсынады. Бұл құжат елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған стратегиялық бағдар ретінде бағаланып отыр.

Оқи отырыңыз: Құрылтай, Халық Кеңесі, «Миранда ережесі» – жаңа Конституция жобасы халық назарына ұсынылды

Новости партнеров