Білімдегі былық: Қаржы министрі жекеменшік мектептердің айласын ашты

Мәди Тәкиев айтқан сорақы деректерді тыңдағаннан кейін Олжас Бектенов атқамінерлерге нақты тапсырма жүктеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі кейбір жекеменшік мектептер мемлекеттен бөлінген ақшаны балалардың біліміне емес, өз пайдасына жұмсап келген. Қаржы министрі Мәди Тәкиев жеке білім беру ошақтарының былығын әшкереледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Премьерге есеп берген Мәди Тәкиев бұл жолы мемлекеттен миллиардтап ақша алып келген жекеменшік мектептердің айласын ашты. Сөзінше, бюджеттен көбірек қаржы алу үшін кейбір білім ордалары оқушылар санын қолдан көбейтіп отырған. Яғни, тек құжат жүзінде тіркеп келген. Сондай-ақ бір баланың құжатын бір айдың ішінде бірнеше мектепке ауыстырып отырған. Тіпті 12 ретке дейін көшірген кездері болған. Енді бір мектеп басшылығы мемлекеттен «күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз» деп ақша алып, соңында ғимаратты мұғалімдерге ақтатып, сылатқан. Мәди Тәкиев 2025 жылдың соңына дейін аталған білім ордаларын қаржыландыру жүйесі дұрыс реттелмеген әрі бақылаусыз болған деп отыр. Салдарынан кейбір мәліметтер әдейі бұрмаланып, бюджет қаражаты қолды болған. 

«2023-2024 жылдары 116 адам 895 жылжымайтын мүлік сатып алған. Олар жекеменшік мектептердің басшылары мен құрылтайшылары. Соның ішінде 66 адам 192 көлік алған. Бір құрылтайшы 76 жылжымайтын мүлік нысанының иесі болса, екіншісі 69 нысанға ие болған. Жекеменшік мектептерді қаржыландыру білім берудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету механизмі ретінде емес, жеке пайда табу құралы ретінде қолданылып келген. Барлық фактілер құқық қорғау органдарына тапсырылды», – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Мәди Тәкиев агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін мемлекеттен бөлініп жатқан ақшаның да қайда кетіп жатқанын анықтап көрген. Ол қомақты қаражаттың экономикалық нәтиже бермей, халыққа пайда әкелмей жұмсалғанын айтады. Мәселен, 5,5 миллиард теңгеге көлеңкелі схема тіркелген. Атап айтқанда, 11 өңірде субсидия алушылар 808 миллион теңгеге бір ірі қараны бірнеше рет құжат арқылы сатқан. Ал Ақмола облысында өндірілген сүт көлемі мал басына мүлдем сәйкес келмейді. Ақтың мөлшерін асыра көрсеткендер 350 миллион теңгені заңсыз алған.

«Бюджеттік несиелер аясында жүзеге асырылып жатқан агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық жобалары бойынша 13,3 миллиард теңге көлемінде заңбұзушылықтар анықталды. Аудит кезінде мал мен техника мүлдем жеткізілмеген немесе аз көлемде жеткізілген фактілер тіркелді. Сондай-ақ кейбір құрылыс жұмыстарына ақша берілгенімен, шын мәнінде орындалмаған», – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Мәди Тәкиев айтқан сорақы деректерді тыңдағаннан кейін Олжас Бектенов атқамінерлерге нақты тапсырма жүктеді. Бұдан кейін қаржы қағаздағы есепке қарап емес, нақты өндірілген өнім көлеміне сәйкес берілуі керек. Мемлекет қойған талап толық орындалмайынша субсиядияланған малды сатуға тыйым салатын бақылау жүйесі енгізілуі тиіс.

Ал Қаржы министрі келтірген фактілер бойынша ешкім жауапсыз қалмайды.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Жамбылда жетінші сынып оқушысына жездесі зорлық көрсеткен

Новости партнеров