Бір палаталы парламент заңды қабылдау рәсімін жеңілдете түседі - сарапшы

Мамандар бір палаталы парламент жүйесіне көшкенде партиялар арасындағы бәсекелестік жойылмайтынын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Бір палаталы парламент заңдарды қабылдау рәсімдерін жеңілдете түседі». Заңнама институтының мамандары осылай дейді. Олардың айтуынша, құжаттарды қарау және талқылау нормативтік-құқықтық актілердің ашық порталында жүргізіле береді. Барлық сараптамалық қорытындылар тиісті деңгейде беріліп, заң жобаларын қарау процесінің ашықтығы мен сапасы сақталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Парламент кәсіби болуы тиіс». Президент осылай деген еді. Депутат Марат Башимов Мемлекет басшысының бұл сөзі жаңа құрылатын Құрылтайға үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты. Ол елімізде қоғамдық қатынастардың жаңа кезеңі басталып, Конституциялық институттар жаңа бағытта жұмыс істейтінін айтады. Бұл азаматтардың, сондай-ақ болашақ депутаттық корпустың қолжетімді әрі кәсіби болуына жол ашпақ.

«Президент ең басында-ақ «Парламент кәсіби болуы керек» деп айтқан еді. «Кәсіби әрі жауапты парламент» деген өте маңызды ұғым. Ол Құрылтай сияқты терең тарихи және мағыналық салмаққа ие. Оның тамыры ғасырлар тереңінен бастау алады. Бұл депутаттардың қызметіне үлкен әсер етеді. Конституцияда ең негізгі қағидалар нақты жазылған. Енді ол шектеулі өкілеттігі бар орган емес. 1 шілдеден бастап Құрылтай заң шығарушы билік ретінде жұмыс істейді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Марат Башимов.

Заңнама институтының мамандары бір палаталы парламентте заң қабылдау процесі жеңілдеп, жылдамырақ жүретінін жеткізді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік шешімдердің дер кезінде қабылдануына ықпал етеді және заң жобаларын қарау сапасы төмендетпейді.

«Бір палаталы парламент заңдарды қабылдау рәсімдерін қысқартады. Бірақ қарау және келісу кезеңінде нақты тәртіпті белгілеу қажет. Оларды келісу, талқылау қазіргі уақытта нормативтік-құқықтық актілердің ашық порталында қарастырылғандай жүргізіледі. Барлық деңгейде сараптамалық қорытынды беріледі. Менің ойымша, бұл заң жобаларын қарау және қабылдау үдерісін ұзаққа созбайды», – деді ҚР Әділет министрлігі заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанар Жігітекова.

Мамандар бір палаталы парламент жүйесіне көшкенде партиялар арасындағы бәсекелестік жойылмайтынын айтты. Себебі әр ұйым ашық жұмыс істеп, халық сеніміне ие болу үшін аянып қалмайды. Депутаттық тізімдер ашық жарияланып, азаматтар сол арқылы таңдауын жасайды.

«Партиялық саяси жұмыстардың бәрі ашық болуы тиіс. Конституция бойынша солай. Халық өзінің сайлаған депутаттарын білуі керек. Ешкім оны жасырмайды. Тізім болады. Бәрі ашық айтылып жатыр», – деді  «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай

Әділет министрі бір палаталы парламентке көшу мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының өзгеше үлгісін қалыптастыратынын айтады. Бұл реформалар Конституцияға негізделген құрылымның жаңа кезеңіне жол ашып, заң саласына қосымша міндеттер жүктейді, деп отыр.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Арық жүйесі, балалар алаңы және бағдаршам: Алматы тұрғындары әкімге қандай өтініш айтты

 

Новости партнеров