Биыл агенттік осы салада 24 қылмыстық істі тіркеді
Автожол саласында жүйелі жемқорлық тәуекелдері анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Антикорға сілтеме жасап.
Биыл 23 қазанда Агенттік төрағасы А.Ж.Жұмағалидің басшылығымен жол саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті.
Іс-шараға Көлік министрі М.К.Қарабаев, жоғары аудиторлық Палатаның, Стратегиялық жоспарлау, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің, қаржы, өнеркәсіп және цифрландыру министрліктерінің, "Атамекен" ҰКП, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Кеңесте мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агенттік Көлік министрлігімен бірлесіп өткізген жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері талқыланды.
Ведомство мәліметінше, кейінгі 5 жылда жол саласына 6 триллион теңгеден аса қаражат жұмсалған, бірақ жол желісінің жай-күйі халық тарапынан шағым тудырып жатыр.
2023-2024 жылдары мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарының сапасыздығына қатысты 20 мыңнан астам шағым түсті. Жұртшылық мұны жемқорлықпен байланыстырады.
Биыл агенттік осы салада 24 қылмыстық істі тіркеді.
Сыртқы талдау жоспарлаудан бастап бақылау мен күтіп ұстауға дейінгі жол құрылысы мен жөндеудің барлық кезеңдерінде жүйелі жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін көрсетті.
"Бастапқы кезеңде проблемалық учаскелер дұрыс анықталмайды, жақында салынған жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жобалау кезінде смета шамадан тыс жұмыс пен материалдардың есебінен жасанды түрде жоғарылатылады. Келісімшарттар көбіне тәжірибесі мен ресурстары жоқ мердігерлермен, бір көзден немесе картельдік келісімшарттарымен жасалады. Қосалқы мердігерлік ұйымдарды тарту ешкімнің бақылауында емес. Ол өзінің жеткіліксіздігін және көп сатылы бақылау жүйесін көрсетті. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының анықталған ақаулар туралы қорытындыларын орындау міндетті емес, ал техникалық қадағалау өз функцияларын ресми түрде орындайды. Саланы дамыту үшін қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайды. Қолданбалы ғылыми зерттеулер мен инновацияларды енгізудің орнына институт нормативтік құжаттаманы әзірлеумен айналысады", - делінген хабарламада.
Кейінгі 10 жылда ақпараттық жүйелерді дамытуға 16 миллиард бюджет қаражаты жұмсалды. Дегенмен жолдардың цифрлық картасы әлі әзірленбеген.
Атырау облысында автожолдардың бірін орташа жөндеу кезінде "Цифрлық теңге" жобасы арқылы бөлінген ақшалай қаражатты қадағалау жоспарланып жатыр.
Оқи отырыңыз: Елімізде электронды жеке куәлік әуежай мен вокзалда жарамды болады