Құзырлы орган жедел түрде барлық мектепте тексеру жұмысын жүргізіп, ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді
Ақтауда арандатушылық сипаттағы жалған ақпарат тарап, тұрғындар арасында дүрбелең туды. «Бірнеше мектепке жарылғыш зат қойылады» деп әлеуметтік желіде ескен хабарлама көпшілікті үрейлендірді. Құзырлы орган жедел түрде барлық мектепте тексеру жұмысын жүргізіп, ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалған ақпарат тұрғындар арасында жаппай тарап, көпшілік үрейленіп, абдырап қалды. Ата-аналар балаларымызды сабаққа жібермейміз деп ортақ чатта хабарлап, көп мектеп бос қалған. Кейбір сыныпта жалғыз бір оқушы отырған жағдай да болған. Жалған ақпаратқа қатысты тұрғындардың пікірі екіге жарылды. Бірі сенсе, кейбірі фейк деп алаңдамаған.
«Екі бала балабақшаға барады. Әрине үрейленесің ғой, ешқандай сенім жоқ, ақпарат тарады. Сақ болайық деп үйден шықпадық», – деді ата-ана Муслим Шаланқұлов.
«Қатты үрейлендік. Қалада сәл бірдеңе болса, бірден балаларымыз үшін алаңдаймыз. Кеше ақпаратты естігенде қатты қорқып қалдым. Төрт балам бар. Барлығы үйде, оқу орнына жібермедім. Себебі ешқандай кепілдік жоқ», – деді ата-ана Алиса Растанец.
«Ақпаратқа онша сенген жоқпын. Бірақ енді бірінші естігенде қорқыныш болады ғой. Дегенмен, сенбедім. Таңертең баламды апардым. Үйге бара жатырмыз», – деді ата-ана Аманкүл Сарыққызы.
Әлеуметтік желілерде тараған террорлық акт туралы хабарлама жалған ақпарат болып шыққан. Хабарлама жарияланған бойда Маңғыстау облыстық Полиция департаменті барлық мектептерде тексеру жұмысын жүргізген. Нәтижесінде тізімде көрсетілген білім беру ұйымдарының ғимараттары қауіпсіз екендігі расталып, әрқайсысына тиісті актілер берілген.
«Әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және жалған болып табылады. МО ПД хабарламада көрсетілген барлық мектептерде тексеру жұмысын жүргізді. Тексеру нәтижесінде, аталған білім беру мекемелерінің ғимараттары толықтай қауіпсіз екені анықталды. Әр нысан бойынша тиісті актілер рәсімделді. Қосымша тексеру іс-шаралары алдағы уақытта жалғасатын болады, жағдай МО ПД ерекше бақылауында», – деді Маңғыстау облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Ілияс Жұмағұлов.
Ақтау қаласындағы барлық мектептерде сабақтар дәстүрлі форматта, сабақ кестесіне сәйкес өткізіліп жатыр. Білім басқармасы тұрғындарды тек расталған ақпаратқа сенуге шақырып, оқушыларды сабақтан қалдырмауды ескертті.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында «Терісащыбұлақ» су қоймасы тозып, үгітіле бастаған