Бишімбаев, Перизат Қайрат босатылмайды: Рақымшылыққа кімдер ілікпейді

Қазақстанда алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалады. Оның аясында шамамен 1 миллионнан аса айыппұл кешіріліп, 21 миллиард теңгеден асатын сома есептен шығарылады. Бүгін төменгі палата тиісті заң жобасын қарады. Депутаттар бұл бастама халықтың борыштық жүктемесін азайтады деп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты Қазақстанда алғаш рет қылмыстық және әкімшілік рақымшылық қатар жүргізіледі. Бұл – Президенттің тапсырмасы. Заң жобасын Үкімет пен депутаттар бірлесіп әзірлеген. Бүгін төменгі палата құжатты қарады. Алдымен әкімшілік амнистияға тоқталсақ. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов 500 мыңнан астам адамның 1 миллион айыппұлы кешірілетінін айтады. Бұл 17 миллиард теңгеден асатын ақша. Вице-министр әкімшілік рақымшылық көбіне қандай істерге қатысты берілетінін тізіп шықты.

«Министрліктің құзыретіне жататын 58 бап бойынша рақымшылық қолданылады. Бұл санатқа құқықбұзушылықтардың басым бөлігі, негізінен жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты істер кіреді. Оларға жол белгілері мен талаптарын бұзу, көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау және өзге де ұқсас әрекеттер жатады. Тағы да атап өтейін, бұл қоғамдық қауіп төндірмейтін және азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатер келтірмейтін әкімшілік құқықбұзушылықтарға қатысты»,– деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Ал депутат Абзал Құспанның өз есебі бар. Сөзінше, барлық  мемлекеттік органдар бойынша әкімшілік рақымшылық 1 миллионнан астам адамға қолданылады. Олардың шамамен 1 миллион 500 мыңға жуық ісі қаралады. Мемлекет бұл азаматтардың 21 миллиард теңге айыппұлын кешірмек. Мәжілісмен Абзал Құспан қылмыстық амнистия туралы да айтты. Сөзінше, оған шамамен 16 мыңнан астам адам ілінеді. Яғни, олардың жазалары жеңілдейді, азаяды немесе толық кешірім алады. Ал мың жарымға жуық сотталушы түрмеден босап шығады. Осы тұста депутат рақымшылыққа ілінген адамдардың қайта қылмыс жасау деңгейіне тоқталды.

«Он бес мың адам босатылды. Сондықтан бұл жерде бұрынғы амнистияларды қарастырдық. Қайталап қылмыс жасау деңгейі өте төмен. Оның үстіне біз назар аударатын жағдай қауіпті қылмыстар амнистияға ілікпейді. Ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар толық босаталымайды, мерзімі қысқартылады. Жеңіл және онша ауыр емес қылмыстар ғана ілігеді»,– деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Абзал Құспан.

Депутат қылмысты қайталап жасаған адамдарға рақымшылық қолданылмайды деп шегелеп айтты. Сондай-ақ терроризм, экстремизм, мемлекетке опасыздық жасау, сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сотталғандар, қылмыстық топта болып, заңды белшеден басқандарға да амнистияның ауылы алыс. 

Мемлекеттің мейірімі түспейтіндердің арасында бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов пен қоғам белсендісі болған Перизат Қайрат бар. Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов олар бостандыққа мерзімінен бұрын шықпайтынын кесіп айтты. Ал мәжілісмендер тиісті құжатты екі оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Егер заң жобасын жоғарғы палата қолдаса, Президентке қол қоюға жіберіледі.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров