Жыл басынан бері интернет-алаяқтарға алданған алматылықтар саны қанша

Интернет-алаяқтар тұрғындарға 100 миллион теңгеден астам шығын келтірген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда 1200-ден астам қала тұрғыны интернет-алаяқтардың құрбаны болған. Соның салдарынан жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам шығын келген. Құқық қорғаушылардың дерегінше, 723 жағдайдың беті ашылып, соның нәтижесінде шамамен 68 миллион теңге иелеріне қайтарылған. Мамандардың айтуынша, алаяқтық шабуылдардың басым бөлігі ТМД елдерінен жасалады. Әсіресе соңғы уақытта 1414 бірыңғай байланыс орталығының атын жамылып, азаматтарды алдау жиілеген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматы қаласының тұрғыны Лаура Мұқашева да интернет-алаяқтардың құрбаны болғанын айтады. Ол онлайн дүкендерден жиі тапсырыс беріп тұратын. Осыдан екі ай бұрын өзіне ұнаған сөмкені сатып аламын деп 420 мың теңгесінен айырылған. Оның айтуынша, шетелдік сайт арқылы тапсырыс рәсімдегеннен кейін оған өзін дүкен өкілі ретінде таныстырғандар қоңырау шалған. Олар 1414 нөмірінен келген құпия кодты бөлісуді сұраған. Ол қомақты қаражатынан қағылғанын кейін барып түсініпті.

«Шамамен екі сағаттың ішінде менің шотымнан 420 мың теңге шешілді. Мен оны сөмкенің ақысы шығар деп ойлап, мән бермедім. Екі күн өткен соң дүкенге жаздым, бірақ жауап болмады. Кейін олар “біз сізден ешқандай ақша алған жоқпыз” деді. Сол сәтте не істерімді білмедім. Сасқанымнан 102-ге хабарласып, шағымдандым, арыз жаздым. Бірақ өкінішке қарай, ақшам қайтарылмады», – дейді қала тұрғыны Лаура Мұқашева.

Құқық қорғау органдарының дерегінше, жыл басынан бері Лаура сияқты 1200-ден астам азамат киберқылмыскерлердің құрбаны болған. Соның салдарынан тұрғындар 100 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылған. Мамандардың айтуынша, соңғы кезде интернет-алаяқтықтың кең тараған түрінің бірі – 1414 нөмірінен жалған SMS жолдау. Осы арқылы қылмыскерлер азаматтарды құпия деректерін ашуға мәжбүрлейді екен. Ал мұның соңы, көбіне, банк шотындағы қаражаттың қолды болуына әкеліп соғатын көрінеді.

«1414 нөмірінен код келген кезде, алаяқтар адамның толық аты-жөнін алдын ала біліп алады. Сол арқылы жеке кабинетіне онлайн түрде кіруге тырысады. Көп жағдайда алданған адамдар өздері келген кодты айтып қояды. Осылайша олар жәбірленушінің жеке кабинетіне кіріп, онлайн несие рәсімдейді немесе басқа да мәліметтерді иемденеді», – деді Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Абылай Ахметов.

Маманның айтуынша, интернет-алаяқтықтың басым бөлігі Украина мен Ресей аумағынан жасалады. Дегенмен 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы жолданған кодпен ірі несие рәсімдеу мүмкін емес дейді сала өкілі.

«1414-тен кодты айтып қойған жағдайда, алаяқтардың үлкен несие алуға мүмкіндігі болмайды. Тек микрокредиттік ұйымдардан аз сома рәсімдеуі мүмкін. Ал ірі банктік займ алу үшін ЭЦҚ кілт пен биометриялық деректер қажет», – дейді Абылай Ахметов.

Киберқылмыс саласының мамандарының айтуынша, қазіргі таңда алаяқтар өзін пошта қызметкері, банк немесе байланыс операторының өкілі, мемлекеттік орган қызметкері, тіпті курьер ретінде таныстырып, алдау әрекеттерін жиілеткен. Тіпті кей жағдайда қазақстандықтарға жол ережесін бұзды деген сылтаумен жалған айыппұл жіберетін көрінеді. Ал мамандардың сөзінше, мұндай айладан қорғанудың амалы бар және ол аса қиын емес.

«Қазіргі жасанды интеллект дәуірінде 1414 байланыс орталығынан келетін SMS-тің шынайы не жалған екенін ажырату қиын. Дегенмен, киберқылмыскерлерден қорғанудың жолдары бар. Ең алдымен, әр азамат өз құрылғысына екі факторлы аутентификацияны орнатуы керек. Сондай-ақ антивирустық бағдарламаларды қолданған жөн. Ең бастысы – кім болып таныстырса да, ешқашан SMS арқылы келген кодты немесе жеке құпия деректерді бөгде адамға айтуға болмайды», – дейді киберқауіпсіздік сарапшысы Алексей Калинников.

Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстанда 16 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеліп, тұрғындар жалпы 34 миллиард теңгеден айырылған. Дегенмен олардың небәрі 3,5 мың жағдайының ғана беті ашылған.

Мәди Мәлік, Ялкунжан Әшімжанұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында ер адам бір үйір жылқыны аяусыз атып тастаған

Новости партнеров