Биыл Алматы облысында жол апатынан 166 адам қаза тапты

04.12.2025 20:50

Жол сапасына байланысты бірнеше мердігерге қатысты қылмыстық іс қозғалған

Алматы облысындағы тас жолдарда апат азаяр емес. Биыл 832 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 166 адам қаза тапты. Тағы 1600-ден көбі түрлі жарақат алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы облысында жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Өңір ірі транзиттік дәліз болғандықтан, тіркелген апаттардың жартысынан көбі сырттан келетін темір тұлпарлардың қатысуымен болады екен. Биыл облыстағы тас жолға шыққан жергілікті автопарк 70 мың көлік алған. Жүк ағынының артуы мен транзит қозғалысының күшеюі жолдағы қауіпті еселеген көрінеді.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, әсіресе минивэндермен адам тасымалдайтын жүргізушілер жиі ереже бұзады. Оң рөлді көлікпен жолаушы алып жүретіндер де көп. Бұл – белгіленген талапқа қайшы. Рейд кезінде мұндай жүргізушілер тоқтатылып, көліктері айып тұрағына жіберілді. Жолға шыққан тұрғындардың да пікірі екіге бөлінді. Бірі қауіпке жылдамдықты асыру әсер етеді десе, енді бірі заңды түрде жұмыс істеп жүргенін айтып, жолдағы тәуекелдің көбейгенін жеткізді.

 «Қазір жас балалар қатты жүреді, жылдамдықты асырып, содан апатқа ұшырайды. Асығыс барлығы. Жол ережесін жақсылап сақтап, жүрсе ешқандай апат болмайды деп айта алам», – деді жүргізуші.

«Құжат алдық, рұқсат қағазы бар. Заңға сәйкес салық төлейміз. Жолда жүргеніміз ақылы. Бала шағамыз бар қайтіп бағамыз? Өзің ойлашы. Екі қолға бір күрек, әйтеуір тіршілік істейміз.  Әртүрлі жағдай болады бұл жерде. Қарсы бағытқа шығып кетеді, қалғып кетеді,  ереже білмейтіндер көп», – деді жүргізуші.

Тас жолда соңғы аптада ондаған адамның тағдыры үзілді. Қара жол – қаспақтай қатал, ереже бұзылса – ескерместен алады. Сондықтан тәртіп сақшылары бақылауды 2 есе күшейтіп, бейқамдық танытпауға шақырды.

Ekin патруль құрылғысы үнемі қозғалыста. Ол жазған деректерге инспектор мен басқа да патруль мүшелері қол жеткізе алмайды, яғни өңдеуге жол жоқ. Тек бір нүктеге келіп шекті жылдамдық белгіленеді.  Сағатына 100 шақырым. аумақата камералар 360° бұрышпен жолақтағы жағдайды жазып, айыппұл автоматты түрде тағайындалады.

«Профилактикалық көп жұмыс атқарылып жатыр. Соның бірі Ekin патруль құрылғысы жылдамдықты өлшейді. 360 камерасы бар. Автоматты түрде штрафты 5 минут ішінде келеді. Бір бағытта, қарама-қарсы бағыттағы көліктердің бәрін түсіреді», – деді Полиция департаменті ппб инспекторы Ернат Мақсат.

Тек соңғы айда осы облыстағы жолда 20 адам тіл тартпай кетті. Мамандардың сөзінше, апат көп тіркелетін учаскелерде қадағалау жүйелері күшейтілген. Жыл басынан бері жолдардың жай-күйі де тексеруден өтті. Өңірде 1 423 сараптама жүргізіліп, кемшіліктері үшін 350 мекеме мен жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жол сапасына байланысты бірнеше мердігерге қатысты қылмыстық іс қозғалған.

«Қазіргі таңда Alphard, Estima және оң жақ рөлді көліктері заңсыз адам тасымалдауға болмайды. Тоқтатып, сұрау жұмыстарын жүргізіп, қай жерге бара жатыр, кім тасымалдап жатыр, сонымен жұмыс жанданып жатыр. Қазіргі таңда апаттылығы жоғары учаскелерде дрон ұшырып, Ekin патруль, Қорғау жүйесімен жұмысты күшейтіп жатырмыз», – деді Полиция департаменті ППБ командирiнің орынбасары Еламан Башкей.

Полиция ішкі тексерістерді де күшейттік деген мәлімет берді. Биыл жол-көлік оқиғаларына қатысты қызметтік тексерулер нәтижесінде 381 тәртіп сақшысы, оның ішінде 77 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Алайда сала мамандарының айтуынша, технология апаттың алдын алуға көмектескенімен, шешуші фактор – жүргізушінің жеке жауапкершілігі.

Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында жол апатынан бір адам ажал құшты