Биыл Алматы әскери-техникалық мектебінің ашылғанына 25 жыл толды

Мектепте 24 жастан асқан жігіттер мерген, барлаушы, жүргізуші, байланысшы сынды 13 мамандық түрін меңгере алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматы әскери-техникалық мектебінің ашылғанына 25 жыл толды. Ширек ғасыр ішінде бұл оқу орны талай жас сарбаздың қабілетін шыңдап, тәртіпке шақырды. Білмегенін үйретті, өсірді, әскери өмірді сезіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қорғаныс Министрлігі Әскери-техникалық мектебінің Алматы қаласындағы филиалы 2013 жылдан бері 8 мың түлекті дайындап шықты. Елі үшін аянбай тер төгуге лайықты мамандарды тәрбиеледі. Бұл оқу орнының тарихы өткен ғасырмен де байланысты.    

«Бұл мектептің тарихына келетін болсақ, 1938 жылы автомотоклубы ашылған. Сол кезден 1976 жылға дейін 12 мыңнан астам тәрбиеленуші шыққан», – деді  «ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебі» РМҚК Алматы филиалының директоры Ержан Кенбаев.

Оқу орны қазіргі атауын 2000 жылы алған. Бүгінде бұл мектепте 24 жастан асқан жігіттер мерген, барлаушы, жүргізуші, байланысшы сынды 13 мамандық түрін меңгере алады. Сарбаздардың біліктілігін арттыруға ұстаздар да барын салып жатыр. 

«2014 жылдан бері әскери-техникалық мектепте оқытушы қызметін атқарып келемін. Осы қырық күнге келіп жатқан тәрбиеленушілерді әртүрлі тактикалық дайындыққа, атыс дайындығынан өткіземіз. Мерген тренажерде мастермін», – деді оқытушы Мұсағали Гучаев.Қысқа мерзімді әскери білім алатындар тәртіп пен жауапкершілік ұғымын бәрінен жоғары қоя білген. Жалындаған жігіттердің әрқайсысының мақсаты анық, келешекке жоспары дайын.

 «Бастапқы ойым – мұғалімдердей әскери адам болу, әскери қызметте жұмыс істеу. Мен сияқты жас сарбаздарды үйрету. Әрі қарай көреміз», – деді білім алушы Арнұр Насиғожин.

Атап өтейік, мектеп ұжымы 25 жылдыққа орай арнайы жиын өткізді. Іс-шарада еңбегімен көзге түскен мамандар, ісімен дараланған жас сарбаздар марапатталды. 

Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Жас құтқарушылар: Алматыда мектеп оқушылары арасында сайыс өтті

Новости партнеров