Биыл елімізде 2,7 миллион гектар жер шегірткеден тазартылған

01.08.2025 20:35

Биыл техника саны екі есе көбейіп, өңдеу бұрынғыдан жылдам әрі сапалы атқарылған

Almaty.tv

Биыл елімізде 2,7 миллион гектар жер шегірткеден тазартылған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 400 мың гектарға аз, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алайда мамандар бұған алаңдаудың қажеті жоқ дейді. Себебі өңделетін аумақтың азаюы алдын алу шараларының сапалы жүргізілгенін және зиянкестерге уақытылы тосқауыл қойылғанын көрсетеді екен. Шегірткеге қарсы күрес барысында дақылдарға зиян келтірмейтін, тиімділігі жоғары арнайы препараттар қолданылған. Ал бұл жұмыстарға тартылған техника саны биыл екі есе көбейіп, өңдеу бұрынғыдан жылдам әрі сапалы атқарылған.

«Техника мәселесіне көшетін болсақ, 239 дана жер үсті бүріккіш техникалары, 100 дана газогенераторлар, 24 дана жеңіл ұшақтар, 31 дана аса жеңіл ұшақтар өте жоғары тиімділігін көрсеткен 49 бірлік пилотсыз ұшу аппарат, агродрондар пайдаланылды», – деді ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин.

Мамандар шегірткеге қарсы күрес маусымында халыққа жан-жақты ақпарат беру, тұрғындардың сұрақтары мен шағымдарына жедел жауап қайтару мақсатында арнайы колл-орталық пен Telegram-бот іске қосылғанын хабарлады. Бұл жүйе зиянкестерге қарсы шаралардың тиімділігін арттыруға сеп болады. Сонымен қатар, жауаптылар алдын алу жұмыстарының сапасы артып келе жатқанын айтып, келер жылы өңдеу аумағы биылғыдан да аз болады деп болжап отыр.

Оқи отырыңыз: Жер жырту, дән себу, үлбір жабу: жүргізушісіз трактор 300 гектарға дән екті