Жер жырту, дән себу, үлбір жабу: жүргізушісіз трактор 300 гектарға дән екті

Almaty.tv
Almaty.tv

Өнертапқыштар  әр тамшы суды үнемдеуге болатын жүйе, алқапты зиянкестерден қорғайтын дрон ойлап тапты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жүргізушісіз жүретін трактор, әр тамшы суды үнемдеуге болатын жүйе, алқапты зиянкестерден қорғайтын дрон. Бұл егіншіліктегі тың серпіліс, жаңаша бағыт. Демек алқаптағы жұмыстың тең жартысын жүйе атқарады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қара жерге дән тастаған, күннің көзін, түн салқынын серік еткен диқан – ежелден даланың данасы. Техниканың тісі тимеген, адамның маңдай тері сіңген алқаптар ғасырлар бойы ырыстың кілті болды. Ал бүгінде сол ырысқа толы дала жаңаша тыныстап тұр. Егін – енді ақылды жүйенің көмегімен егілетін кезеңге жетті. Мұнда Қуат Ғибат есімді жанның да үлесі бар. Неге десеңіз, ол өнімнің құнарлығын арттырып, суды үнемдеуге болатын әдісті меңгеріп, темірден қондырғы құрап шыққан. Қажетті бөлшектерді Қытайдан алдырып, ойлағанын жүзеге асырған.

«Тұқым сіңіру» аппараты деп аталады. Жер жыртылғаннан кейін тыңайтқыш себіледі. Екінші құрылғы құбырішекті төсейді. Үшіншісі оның үстінен үлбір жабады», – деді Шаруа қожалығының иесі Қуат Ғибат.

Техника төселген үлбірдің үстіне топырақ үйеді. Жаңа егілген өскін маңайында микроклимат қалыптасады. Ол ауаны ылғалды, жерді құнарлы етеді. Арамшөптен сақтайды. Ал су діттеген жеріне қажетті мөлшерде жетеді. Нәтижесінде, өнім құрамы бұзылмай өседі. Бір ерекшелігі, еңбектің ебін тапқан азамат тамшылатып суару әдісінің әдеттегіге қарағанда 24 есе тиімді екенін айтады. Аталған тәсілді толықтай автоматтандыру көзделіп отыр. Байланыс орнатылса, жүйені смартфон арқылы үйден-ақ басқаруға болады.

Атап өтейік,  жер жырту, дән себу, үлбір жабу ісіне ақылды тракторлар жауапты. 

Ауыл шаруашылығында цифрлық дәуір басталды. Салада уақытты үнемдеуге, еңбек өнімділігін арттыруға, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға бағытталған бастама көп. Соның бірі  – трактор. Кабинада жүргізуші жоқ. Ауыр техника автоматтандырылған жүйенің көмегімен жұмыс істейді. Кәсіпкер дәл осындай 3 техниканың көмегімен күнбағыс дақылын егіп, жемісін көріп отыр.

Тракторға қозғалыс аумағын сызып, тапсырма беріп қойсаңыз болғаны. Қалған істі техника өзі тындырады. Жетісудың төсінде ақылды жүйенің көмегімен жайқалған алқаптың аумағы 300 гектарға жуықтайды. Мұндағы өнім шамамен 45 күннен соң піседі. Ал оны зиянкестерден қорғап, тыңайтқыш шашу үшін дрондар қолданылады.   

«2 литр химиялық затқа 5 литр ғана су қосылады. Бір түннің ішінде 200-300 гектар жерді игеріп тастауға болады. Артықшылығы дақылдарды сындырмай, зиян келтірмей жылдам әрі тез шашып шығуға болады», – деді дрон операторы Нұртай Жұмағали.

Шаруа қожалығының иесі егіншілікпен 2006 жылдан бері айналысады. Ал алқапқа жаңа технологияны биыл әкелген. Ісіне адал жанның арманы асқақ, мақсаты анық. Ол тамшылатып суару әдісіне қажетті құбырішекті жыл сайын қайта өңдеп, пайдалануға мүмкіндік беретін зауыт ашуды көздеп отыр.

«Үкіметтен бізге электр тогы керек. Өзен суына зәру емеспіз. Тоқ келсе, жер асты құдығын қазып, сол суды пайдаланамыз, – деді шаруа қожалығының иесі Қуат Ғибат.

Кәсіптен нәсіп тапқан жетісулық азамат биыл алқаптан 600 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Кейін оны көрші елдерге экспорттамақ. Себебі шекілдеуік қабылдайтын зауыт өңірде жоқтың қасы. Ал тың технологияны меңгеріп, егіншілік ісін жеңілдеткісі келетін шаруларға кәсіпкер білгенін үйретуге дайын. Себебі ауыл шаруашылығының болашағы енді цифрлы жүйемен байланысты.

Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Шөп шабу науқаны: Маңғыстауда шаруалар қыстың қамына кірісті

Новости партнеров