Бізді ұмытып кеткендей: Петропавлдан 25 шақырым жердегі ауылдың жолы неге жасалмай жатыр

Ауыл халқының айтуынша, жолдың әбден тозғаны сонша, кейде жедел жәрдем де, қоғамдық көлік те қатынай алмайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

СҚО-дағы Ольшанка ауылының тұрғындары қолдарына күрек пен тырма алып, облыс орталығынан ауылға баратын жолды жөндеп жүр. Ауыл халқының айтуынша, жолдың әбден тозғаны сонша, кейде жедел жәрдем де, қоғамдық көлік те қатынай алмайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ольшанка ауылы Петропавл қаласынан небәрі 25 шақырым жерде орналасқан. Алайда ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл – қашықтықты жүріп өту нағыз сынақ. Соңғы 40 жылда күрделі жөндеу көрмеген жолдың жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Сондықтан жергілікті жұрт автобус қашан келеді, көлік бұзылып қалмай ма, жедел жәрдем уақытында жете ме деп үнемі алаңдайды. Ал шенеуніктердің жыл сайын беретін уәдесі әзірге орындалмай келеді.

«Ауылда жұмыс болмағандықтан, жұрттың бәрі қалаға қатынайды. Жедел жәрдем де, автобус та ауылға осы жолмен келеді. Өкінішке қарай, қазіргі күйі өте нашар. Осы жылдар ішінде қанша әкім ауысса да, берген уәделерінде тұрмады. Тіпті, бізді ұмытып кеткендей», – деді Ольшанка ауылының тұрғыны Светлана Фомкина.

«Кешкі сағат 10:00-да шамасында қан қысымым қатты көтеріліп, жедел жәрдем шақырдым. Бірақ олар келмеді. Жолдың нашарлығынан ешкім бұл жаққа жүргісі келмейді», – деді Ольшанка ауылының тұрғыны Любовь Блохина.

Жергілікті биліктен қайран болмаған соң, тұрғындар жолды өз күшімен қалпына келтіруге бел буған. Олар тас, қиыршық тас пен құм тасып, шұңқырларды бітей бастаған. Бұл іске ер азаматтармен қатар әйелдер мен зейнеткерлер де атсалқан.

«Амалдың жоқтығынан бәріміз біріктік. Төрт топ болып, өз көліктерімізбен шықтық. Қолымыздан келгенше шамамен 3 шақырым жолды жөндедік. Қиыршық тас жетпеген жерлерге топырақ төктік. Бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Өйткені шұңқырларға түскен көліктің дөңгелегі бүлініп жатады», – деді Ольшанка ауылының тұрғыны Анатолий Дранко.

Ал аудан әкімдігінің сөзінше, жолды жөндеуге қаржы қарастырылмаған. Сондықтан тұрғындардың тақтайдай түп-түзумен жолмен қашан жүретіні белгісіз. 

«2023 жылы Қызылжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Якорь–Ольшанка бағытындағы 9,5 шақырым жолды жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі. Сол кездегі жоба құны 573 миллион теңге болды. Алайда қаржы бөлінбегендіктен жоба жүзеге асқан жоқ. Бюджет нақтыланған кезде жол жөндеуге қаражат сұрау жөнінде өтінім жолданады», – деді Қызылжар ауданы ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а. Бақытжан Ташева.

Биыл облыс бойынша 700 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған. Бірақ Ольшанкаға баратын жол бұл жолы да тізімге енбеген.

Гүлмарал Изатқызы, Петр Акутионов, Самат Жақыпов, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Атырауды су басты: жаңадан салынған жолдар бордай үгітіліп жатыр

Новости партнеров