Қаза тапқан азаматтың артында әйелі мен балалары қалды
Жезқазғанда резонанс тудырған қанды қылмысқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Еске салсақ, биыл қаңтар айында қоқыс контейнерінен қол-аяғы шабылған ер адамның мәйіті табылған еді. Ал аталған іске қатысы болуы мүмкін деп екі адам күдікке ілінген.
Тергеу материалдарына сүйенсек, қайғылы оқиға үш адамның - екі ер мен бір әйелдің спирттік ішімдік ішіп отырған кезінде болыпты. Жанжал қызғаныштан туындап, арты қайғылы жағдаймен аяқталған.
Анықталғандай, ер адам мен әйел пәтер иесіне пышақпен шабуыл жасап, оған ауыр дене жарақатын салыпты. Жәбірленуші соның салдарынан оқиға орнында қаза тапқан. Кейіннен қылмысты жасыру үшін күдіктілер мәйітті бөлшектеп, көрпеге орап, қоқыс контейнеріне тастайды. Ал олардың бұл әрекеттері көшеде орналасқан бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Қаза тапқан азаматтың артында әйелі мен балалары қалды.
«Екі сотталушы да ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 3 және 7-тармақтары бойынша «Алдын ала сөз байласу арқылы аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сот әрқайсын 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар әр сотталушы марқұмның туыстарына 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы және 535 мың теңге көлемінде материалдық шығын төлеуге міндеттелді», - деді Ұлытау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Қызылорда балабақшаларының бірінде 2 жасар сәби ыстық суға күйіп қалған