Тұрғындар бес жылдан бері тіршілік нәрінің мәселесімен бетпе-бет келіп отыр
Алматының Бостандық ауданындағы Көкшоқы шағынауданы жыл соңына дейін ауыз сумен қамтылады, деп хабарлайды Almaty.tv
Тұрғындар бес жылдан бері тіршілік нәрінің мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. 2020 жылы шағынауданға 3 шақырымдай су құбыры мен 3 жарым километрден аса кәріз желісі тартылыпты. Тұрғындар бұған дейін бұлақтан су алып күнелткен. Бірақ бұл тіршілік нәрі де азайып, оның үстіне ауылдағы адам саны көбейіп, мәселе ушыға түскен.
«Қыстың күні су қатып қалатын жағдайға келді. Су келмей, әкімшілікке айтып водовозбен шақыртық. Ол бірде көтеріле алады, бірде тайғанақтап жете алмайды. Адамдарды әбден титықтатып жіберген», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Серік Күзембаев.
Айта кетейік, 60 шаңырақ, яғни 300 азамат қоныс тепкен. Олар 2021 жылдан бері тұрақты ауыз судан қол үзіпті. Бүгін тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асыру жоспары бойынша тұрғындармен кездесу өтті. Жиынға әкімдік өкілдері, коммуналдық қызмет мамандары мен мердігер ұйымдар қатысып, алда атқарылатын жұмыстармен таныстырды. Шаруа жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
«Ұңғыма қазамыз, шамамен тереңдігі 150 метр деп жоспарлап жатырмыз. Сонымен қатар, екі сорғы орнатамыз. Біреуі жердің астынан жердің бетіне дейін тартады. Екіншісі жердің бетінен әрі қарай резервуарға қарай тартады. Ал резервуардан 208 куб метр су жиналып, тұрғындарға су беріледі», – деді Бостандық ауданы Инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Бауыржан Сапа.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ҰОС ардагерлері 10 мың доллардан астам қаржы алды