Өңірдегі елуден астам ауылдың медициналық мекемелері өткен ғасырдың ортасында салынған
Шығыс Қазақстан облысының бірқатар елдімекенінде азаматтарға мардымды медициналық көмек алу әлі күнге дейін қолжетпес арман. Өңірдегі елуден астам ауылдың медициналық мекемелері өткен ғасырдың ортасында салынған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Самар ауданындағы Шұбарқайың ауылындағы емдеу мекемесінің жай-күйі жаға ұстатады. Салынғанына жарты ғасырдан асқан ескі ғимараттың қабырғалары әбден тозып, сызат түскен. Дәретхана сыртта, ішінде су да жоқ, одан бөлек, жылыту үшін мекеме қызметкерлері от жағады. Сондықтан тазалыққа жауапты Жанар Тұрсынбекованың жұмыс кестесі әр күні әртүрлі. Өйткені ғимаратты күніне үш рет жылыту керек.
Одан бөлек, мұнда зертхана да, қажетті құрал-жабдық та жоқ. Тіпті компьютер де қарастырылмаған. Науқастар туралы мәліметтердің бәрі ескі қағаздарда, сарғайған дәптерлерде сақталған. Ал бүкіл ауылға жауапты жалғыз фельдшер - Гүлнар Оразғалиева.
«Ауылда жұмыс істеу, әрине, қиын. Әсіресе жалғыз істесең, бірнеше есе ауыр. Әртүрлі жағдайда, оның үстіне шұғыл сәттерде, шешімді тек өзің қабылдайсың», – деді медбике Гүлнар Оразғалиева.
Ауыл тас жолдың бойында орналасқандықтан, жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шеккендерге көмектесуге тура келеді. Тіпті осы ғимаратта сәбилер де дүниеге келіпті. Ал ауыл тұрғындарының айтуынша, ондай шұғыл жағдай түгіл, қарапайым жоғары қан қысымы кезінде де науқастарға толық көмек көрсетілмейді.
«Ауылдағы медпунктте қажетті дәрі-дәрмектер болса екен дейміз. Әйтпесе бәрі үшін аудан орталығына барамыз. Онда да дәріханада кезек күтеміз. Қандай да бір жақсы жабдық болса, тексеруден осында-ақ өтер едік. Әйтпесе, әрбір ұсақ-түйек үшін Самарға баруға тура келеді», – деді Шұбарқайың ауылының тұрғыны Людмила Михеева.
Жалпы, соңғы екі жылда облыста «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңа медициналық нысандар салынған. Алайда Самар ауданына қарасты 22 ауылдың бірде-бірі республикалық бағдарламаға енбеген.
«Медпункт мәселесі – біз үшін өте өзекті. Самар ауданы құрылғаннан бері бірде-бір медпункт салынған жоқ. Қолданыстағы нысандардың барлығы дерлік заманауи талаптарға сай емес. Халықтың сұранысын және туризмді дамыту қажеттілігін ескере отырып, биыл бір жаңа медпункт салдық. Бірақ өкінішке қарай, ол – аудандағы жалғыз нысан», – деді Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов.
Жаңа медициналық нысан облыстық бюджет есебінен Миролюбовка ауылында, Бұқтырма су қоймасының жағалауына жақын жерде салынған. Дегенмен, өңірде әлі кемінде 60 елдімекенге жаңа емхана қажет. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жауапты министрлікке өтінім жолдаған.
Гүлмарал Изатқызы, Руслан Мұхамедьяров, ШҚО
Оқи отырыңыз: Батпаққа батқан ауыл: бесағаштықтар медігер жұмысына наразы