Сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылған кеште қазіргі қазақ прозасындағы кейіпкердің табиғаты кеңінен сөз болды
Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қазіргі қазақ прозасы: кейіпкер мен образ таңдау» тақырыбында шығармашылық кездесу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кештің шымылдығын жиынға арнайы шақырылған жазушы, айтыскер Есболат Айдабосын арнаумен ашып, пікір алмасуға ұласты. Сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылған кеште қазіргі қазақ прозасындағы кейіпкердің табиғаты, образ жасаудағы көркемдік ұстаным мәселесі кеңінен сөз болды. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің даму бағыты мен оны әлемдік кеңістікке шығарудың мүмкіндіктері талқыланды.
«Қазірге дейін 2 роман жаздым. Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы «Бозторғай шырылы» деген романды 1 жыл болды аяқтап, баспаға бердім. Екіншісі – «Бүкір». Роман республикалық Mecenat.kz жобасының финалына шықты», – деді жазушы, журналист Есболат Айдабосын.
«Дәстүрлі прозаның, ұлттық кейіпкердің қандай болатынын, заманауи кейіпкер бейнесі қалай жасалады, қоғамда маңызды мәселе қандай? Бүгін сол сұрақтардың жауабын айтамыз. «Бүкір» романы – қоғамның, XXI ғасырдың күрделі мәселесі. Осындай шығармаларды насихаттау арқылы жастардың санасына ұлттық тәлім-тәрбиені, ұлттық құндылықтарды дарыта аламыз», – деді жазушы, әдебиет сыншысы Елдос Тоқтарбай.
Оқи отырыңыз: Мәдениеттер диалогы: Алматыда халықаралық қолөнер ретриті өтті