Мамандар қоймадағы заттардан 1,5 тонна синтетикалық есірткі өндіруге болатынын айтты
Астанада есірткі өндіруге арналған прекурсорларды сақтайтын ірі жасырын қойма анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Полиция жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде гараж кооперативтерінің бірінен салмағы 4 тоннаға жуық 200 канистр табылған.
Онда синтетикалық есірткі жасауға қолданылатын прекурсорлар сақталғаны белгілі болды. Ресми мәліметке сәйкес, 16 сәуірдегі деректер бойынша жыл басынан бері заңсыз айналымнан 11 тоннадан аса прекурсор тәркіленген. Мамандар аталған заттардан шамамен 1,5 тонна синтетикалық есірткі өндіруге болатынын айтады.
«Ішкі істер министрлігі прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік енгізілді және 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салады. Есірткі өндіру мен таратуды ұйымдастыруға бағытталған кез келген әрекет қолданыстағы заңнама аясында міндетті түрде тоқтатылады», – деді ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Оқи отырыңыз: Көкшетау қаласы әкімдігінің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты үкім шықты